Өрттің алдын алу: ШҚО-да 52 мобильді топ жұмыс істеп жатыр

Шығыс Қазақстан облысында ашық аумақтағы және саяжай қауымдастықтары маңындағы шөптер жиі жанады. Бұған басты себеп – отты абайсыз пайдалану, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өрт қаупі бар кезең басталғалы бері облыс аумағында 6 орман өрті, 1 дала өрті және 15 жану фактісі тіркелген.
Өңірде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мобильді топтар жұмыс істейді. Бүгінде облыс бойынша азаматтық қорғау күштері, полиция қызметі, орман мекемелері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен 52 мобильді топ құрылған. Шамамен 340 рейдтік іс-шара өткізілді.
Нәтижесінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 71 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 410-бабы бойынша – 46 адам, 336-бабы бойынша – 15 адам.
ТЖД тұрғындарды дала және орман алқаптарында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.
Қауіпсіздік мақсатында және өрттің алдын алу үшін орманды аймақтарға баруды шектеу ұсынылады.
Бұл кезеңде ешқандай жағдайда шөп өртемеу керек. Орманда от жақпау қажет. Балаларға от пен сіріңке арқылы ойнаудың қауіпті екенін түсіндірген жөн. Жол жиегімен жүріп келе жатып, автокөлік терезесінен темекі тұқылын тастауға болмайды.
Саяжай учаскелерінде алғашқы өрт сөндіру құралдары – су толтырылған бөшке, өртсөндіргіш болуға тиіс. Үй маңында аумақты тазарту кезінде от жағуға қатаң тыйым салынады.
Рұқсат етілмеген от жағу, алау жағу, құрғақ шөпті бақылаусыз өртеу және өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау ӘҚБтК-нің 336-шы және 410-шы баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Өртті байқаған жағдайда дереу «101» немесе «112» нөмірлеріне хабарласыңыз.