101 рейд, 53 жауапкершілік: ШҚО ТЖД орман өрттерінің алдын алуда шараларды күшейтті

Шығыс Қазақстан облысында табиғи өрттердің алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар қарқын алуда. Өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен 101 рейд ұйымдастырылып, 53 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Құрамында өрт сөндірушілер, полицейлер, орманшылар мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар мобильді топтар орман алқаптарын күн сайын бақылауда. Рейдтер барысында тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндіріліп, тәжірибелік жаттығулар өткізіледі.
Мамандардың айтуынша, табиғи өрттің басты себептері – адамдардың абайсыздығы мен қауіпсіздік шараларын елемеуі. Әсіресе, орман мен далада от жағу, шыны бөтелкені қалдыру, құрғақ шөпті өрттеу – үлкен қатерге жол ашады.
Әр адам табиғатты қорғауға өз үлесін қосуы тиіс. Орман – ортақ байлығымыз. Сондықтан демалыс кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет. Кез келген төтенше жағдайда 101 немесе 112 нөміріне хабарласыңыз.