Кенелермен күрес: өңірде өңдеу жұмыстары аяқталды

Шығыс Қазақстан 9-06-2025, 19:30

Шығыс Қазақстан облысында биыл көктем басталғалы кенеден келетін қауіп артып тұр. 4 адам кене энцефалитін, 8 адам Лайм боррелиозын жұқтырған. Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Кене энцефалиті Риддер, Катонқарағай және Өскемен қалаларында тіркелсе, Лайм боррелиозы Алтай, Риддер және Өскеменде анықталған.

Жалпы алғанда, биыл облыста кене шағып, дәрігерге жүгінгендер саны – 3460 адам. Оның ішінде 913-і – балалар. Кене шағып алғандар көбінесе Өскемен қаласынан (1837 адам), Риддерден (414 адам), Алтай ауданынан (330 адам), Катонқарағайдан (220 адам) тіркелген. Ең аз тіркелген аудан – Ұлан (бар болғаны 5 жағдай).

Дәрігерлердің айтуынша, шағып алған кенелердің 92%-ына иммуноглобулин егіліп, алдын алу шаралары жасалған. Бұл – кене энцефалитіне қарсы қорғаныш зат.

Биыл облыс қоймасына 23,850 литр иммуноглобулин жеткізілген. Сондықтан қазір өңірдегі емханаларда алдын алу екпелері жеткілікті.

Кенеге қарсы көктемгі өңдеу жұмыстары да аяқталған. Сәуірдің 7-сі мен мамырдың 5-і аралығында 670 гектар жерге арнайы дәрі себілген. Бұл жұмыстар күзде де қайталанады.

Мамандар ескерту жасайды:

Табиғатқа шыққанда немесе саяжайда жүргенде ұзын жеңді, жабық киім киіңіз;

Кене теріге жабыспас үшін арнайы спрейлер (репелленттер) қолданыңыз;

Әр сағат сайын өзіңізді және жақындарыңызды тексеріп отырыңыз;

Егер кене шақса, өз бетіңізше жұлып алмай, дереу дәрігерге қаралыңыз.

Кенеден келетін қауіп әлі де бар. Сондықтан сақтық шараларын ұмытпаған жөн.


Фото: pixabay.com

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар