ШҚО-ның қай аудандарында қансорғыш жәндіктерге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр?

Өскемен 8-06-2025, 10:53

Табиғи ошақты инфекциялардың алдын алу мақсатында елімізде жыл сайын республикалық бюджет есебінен өңдеу жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қанат Тұрдиевтің айтуынша, табиғи ошақты аурулар – кене энцефалиті, Лайм боррелиозы, туляремия, безгек секілді сырқаттардың алдын алу және тұрақтандыру үшін эндемиялық аумақтарда жыл сайын арнайы өңдеу шаралары қолға алынады.

– Кенеге қарсы өңдеу жылына екі рет жүргізіледі. Биылғы алғашқы тур 7 сәуірде басталып, 5 мамырда аяқталды. Келесі кезең күзде жоспарланып отыр, – деді Қанат Тұрдиев.

Эндемиялық аумақтар қатарына Өскемен, Риддер қалалары, Алтай мен Үлкен Нарын өңірлері, сондай-ақ Глубокое, Самар, Зайсан, Ұлан, Катонқарағай және Шемонаиха аудандары кіреді.

Эндемиялық аумақтардың негізгі белгілері – инфекцияның табиғи ошағының болуы және кенелердің белсенді шабуылының жоғары деңгейі.

Биыл безгек ауруының тасымалдаушылары тіркелетін су айдындарында үш мәрте өңдеу жүргізіледі. Бұл жұмыстар Глубокое, Зайсан, Ұлан аудандары мен Өскемен қаласын қамтиды.

Өңдеу энтомологиялық көрсеткіштерге – яғни аралық даму сатысындағы дернәсілдердің болуына қарай жүргізіледі. Биыл бірінші тур аяқталған.

– Дезинсекция кезінде Еуразиялық экономикалық одақтың өнімнің мемлекеттік тіркеу туралы бірыңғай тізілімінде тіркелген құралдар пайдаланылады, – деді Қанат Тұрдиев.

Ал таяз су айдындары мен елді мекендердің ашық аумақтарындағы ұсақ жәндіктер (масалар, шіркейлер және т.б.) дернәсілдеріне қарсы күресті жергілікті атқарушы органдар жүргізуде.


Фото: depositphotos.com

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар