Мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектіні қолдану: Oskemen Hub алаңында мемлекеттік қызметшілерге арналған мастер-класс өтті

Мемлекеттік басқаруды цифрландыру – қазіргі мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Технологиялық ілгерілеу қарқыны күшейген қазіргі кезеңде мемлекеттік органдардың тиімді әрі ашық жұмыс істеуінде жасанды интеллект (ЖИ) пен заманауи цифрлық шешімдердің рөлін түсіну аса маңызды болып отыр.
Осы тақырыпқа арналған мастер-класс 2025 жылғы 4 шілдеде Oskemen Hub базасында өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы ұйымдастырған арнайы курстар аясында қайта даярлаудан өтіп жатқан мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілерді басқару тәжірибесінде жасанды интеллект пен интеллектуалды жүйелерді қолдану мүмкіндіктерімен таныстыру, олардың цифрлық сауаттылығын арттыру және жергілікті жерде инновацияларды енгізуге ынталандыру.
Шақырылған спикерлер:
Руслан Четтыкбаев, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Құзыреттер және технология трансфері орталығының басшысы. Ол университеттің ғылыми әзірлемелерінің мемлекеттік басқару саласындағы нақты мәселелерді – азаматтардың өтініштерін зияткерлік түрде талдау жүйелерінен бастап, мониторинг пен болжау құралдарына дейін – шешуге қалай көмектесіп жатқанын баяндады.
Дидар Мұратұлы, Oskemen Hub жетекшісі, өңірдегі GovTech бағытындағы – мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыруға арналған технологиялар – жобалары туралы шолу жасап, олардың ішінде жергілікті жас IT-мамандардың қатысуымен әзірленген шешімдерге тоқталды.