Oskemen Hub-да жасанды интеллект семинары өтті

Өскемен 23-05-2025, 18:13

Oskemen Hub алаңында жасанды интеллектке арналған семинар өтіп, мемлекеттік басқаруда заманауи технологияларды қолданудың мүмкіндіктері мен бағыттары талқыланды, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Цифрландыру тек салалық даму емес – бұл бүкіл қоғамның басқару тетігін қайта қарап, халықпен өзара әрекеттесу мәдениетін жаңа деңгейге шығару жолы. Семинар осы өзгерістердің өңірлік деңгейдегі нақты қадамдарын айқындауға арналды.

Семинар шеңберінде мемлекеттік қызметшілерге цифрлық экожүйелер мен интеллектуалды шешімдердің әлеуеті таныстырылып, заманауи технологияларды басқару тәжірибесіне енгізудің тетіктері талқыланды.

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ жанындағы Ақпараттық технологиялар орталығының жетекшісі жасанды интеллекттің шешім қабылдау процестеріндегі маңызын атап өтті. 

- Бүгінгі таңда басқарушылық шешімдерді нақты дерекке сүйене отырып қабылдау – заман талабы. Жасанды интеллект осы бағытта маңызды құралға айналып отыр, - деді  Руслан Четтыкбаев.

Семинар қатысушылары өңірлік басқарудағы заманауи трендтермен танысып, үлкен деректермен жұмыс, аналитикалық платформаларды қолдану және халықпен цифрлық байланыс тетіктерін жетілдіру мәселелерін жан-жақты талқылады.

- Бізге цифрлық шешімдерді ендіру ғана емес, оларды түсінікті, қолжетімді және тиімді ету қажет. Oskemen Hub – осы үдерістің катализаторы, - деді Oskemen Hub жетекшісі Дидар Мұратұлы.

Oskemen Hub базасында ұйымдастырылған бұл семинар – цифрлық трансформацияның өңірлердегі нақты қолданылу мүмкіндіктерін көрсеткен алаң ретінде ерекшеленді. Жасанды интеллект тек технология емес – ол басқарудың жаңа философиясы екенін дәлелдейтін пікірлер жиынтығы болды.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар