Өскеменде қымызмұрындық өтеді: жаз дәстүрмен басталады

Ертең Өскемендегі Арбатта жаздың басталуын ерекше атап өтпек. Бұл күні Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығы ұйымдастырып отырған қымызмұрындық мерекесі өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қымызмұрындық деген не? Бұл – жаз шығып, биені алғаш байлап, ашыған қымызды жұртпен бөлісетін қазақтың көне дәстүрі. Ертеде алғаш дайындалған қымызды көрші-қолаңмен бөлісіп, ақсақалдардан бата алып, ақ дастарқан жайып тойлайтын болған. Осы дәстүрді жаңғырту үшін қала халқы қымызмұрындыққа шақырылып отыр.
Шараның мақсаты – қазақтың шипалы сусыны қымызды, оны дайындау жолдарын және соған қатысты салт-дәстүрлерді халыққа кеңінен таныстыру.
Мерекелік кеште нағыз ұлттық рух сезіледі. Сахнада облыстық филармония әншілері, «Нұр-Алтай» би ансамблі, Достық үйінің «Ақниет» пен «Атамұра» ансамбльдері, музейдің «Белес» этно-фольклорлық тобы және әнші Аслан Шыңғысбекұлы өнер көрсетеді.
Фото: depositphotos.com