Жазғы ертегі әлеміне саяхат басталды

Шығыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Қиял мерекесі» атты жазғы лагерьдің ашылуы өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жазғы кітапхана лагері – бұл жай ғана демалыс емес, ол – әдебиет, шығармашылық және жаңа жаңалықтар әлеміне жасалатын қызықты сапар. Мұнда әр бала өзіне ұнайтын іс таба алады, жаңа достар тауып, қиялын дамытып, ең бастысы – кітап оқуға деген сүйіспеншілікке бөленеді. Каникул барысында балалар шығармашылық тапсырмалар орындайды, сауалнамаларға жауап беріп, арнайы ұсынылған кітаптар тізімінен оқиды.
Ашылу бағдарламасында музыкалық флешмоб пен би батлы, көңілді ойындар, жұмбақтар мен байқаулар, таза ауада қозғалмалы жарыстар, түрлі-түсті кітап көрмесі болды.
Лагерьдің ашылу салтанаты 2 маусым күні сағат 10:00-де өтеді. Балаларға жазғы оқуға арналған «Ерке бала» атты арнайы брошюралар табысталады. Сондай-ақ бүлдіршіндер жазушы Бану Ахметбековамен кездесіп, оның «Кемпірқосақ шаңы» мен «Жылаған жұлдыз» атты ертегілерімен танысады. Жазушы өзі оқырмандарға шығармаларынан үзінді оқып береді.
Бұл күн қиял мен шығармашылыққа, шаттық пен әсерге толы ұмытылмас жазғы саяхаттың бастамасына айналмақ.