«Қызыл жұлдызда» сабын өндірісі жолға қойылды - ШҚО

Өскемен 28-05-2025, 17:52

Катонқарағай ауданына қарасты Қызыл жұлдыз ауылында тұрмыстық химия өндірісі дамып келеді. Өндірісте сұйық иіс сабын, кір жуғыш заттар, антифриз, кілем және көлік жууға арналған сұйықтықтар мен басқа да тұрмыстық химия өнімдері шығарылады. Бұл — ауыл тұрғыны, жеке кәсіпкер Талғат Бақтыбаевтың табанды еңбегінің нәтижесі, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

— Талғат Бақтыбаев 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық мөлшерлемемен бес миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған еді. Жеке кәсіпкер осы қаражатқа заманауи өндірістік құрылғы сатып алып, өз ісін дөңгелетіп отыр. Құны бес миллион теңге болатын бұл құрылғы бірден сегіз түрлі өнім шығаруға қауқарлы. Олардың қатарында сұйық иіс сабын, кір жуғыш заттар, антифриз, кілем және көлік жууға арналған сұйықтықтар мен басқа да тұрмыстық химия өнімдері бар, — деді Катонқарағай аудандық әкімдігінде.

Бүгінде өндіріс орнында алма, бүлдірген және лимон хош иісті сұйық сабынның үш түрі бес литрлік құтыда шығарылуда. Кәсіпкер күн сайын 10–20 құты өнім өндіреді. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім түрлерін көбейту көзделіп отыр.

Цехтың көлемі небәрі 35 шаршы метр болса да, бұл шағын өндіріс орны ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар, жергілікті өнімді тұтыну мәдениетін қалыптастыруға да өз үлесін қосып келеді.

Әкімдікте атап өткендей, Талғат Бақтыбаевтың бұл бастамасы ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерлікті ұштастыра отырып, ауыл экономикасын дамытуға нақты серпін беруде.


Фото: Катонқарағай аудандық әкімдігінен

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар