Алтайда Социалистік Еңбек Ері Павел Полянский Жеңістің 80 жылдығы медалімен марапатталды

Жеңіс күні мерекесінің қарсаңында Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев Жеңістің 80 жылдығына арналған мерейтойлық медальді Социалистік Еңбек Ері Павел Полянскийге салтанатты түрде табыс етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Павел Тимофеевич Полянский есімі Алтай ауданында ғана емес, бүкіл елге белгілі. Ол ұзақ жылдар бойы «Перворосийский» совхозын басқарып, ауыл шаруашылығы саласында зор жетістіктерге қол жеткізген тұлға ретінде тарихта қалды. КСРО дәуірінде басқарған шаруашылығы рекордтық астық өнімін жинап, бүкіл Одаққа танылған.
1973 жылы Павел Полянскийге Социалистік жарыста қол жеткізген табыстары, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен мемлекетке жеткізу жөніндегі міндеттемелерді абыроймен орындағаны үшін Социалистік Еңбек Ері атағы берілген болатын.
Марапат табыстау сәтінде аудан басшысы ардагердің еңбегі мен елге сіңірген қызметіне ризашылығын білдіріп, өскелең ұрпақ үшін мұндай тұлғалардың өнегесі мәңгілік үлгі екенін атап өтті.