Алтай ауданында ардагерлер ардақталды

Өскемен 9-05-2025, 15:19 0

Жеңіс күні – қасиетті күн. Бұл күн – жадымызда мәңгі қалатын батырлықтың, елдік пен өшпес ерліктің белгісі. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Алтай ауданында «Батырдың терезесі алдында» атты акция өтті. Акция аясында ауданда тұратын соғыс ардагері Василий Рудометовке құрмет көрсетіліп, құттықтаулар мен жылы лебіздер жолданды, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Айтулы мереке қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев пен Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев Василий Рудометовке мерейтойлық медаль мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау хатын табыс етті. Хатта ардагерге бейбіт аспан мен тыныш өмір сыйлағаны үшін ел атынан алғыс айтылған.

- Сіз сол сұрапыл соғыстың ауыр сынақтарынан өтіп, еркіндік пен әділетке деген сеніміңізді жоғалтпадыңыз. Осылайша, батырлық пен ерліктің, Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің үлгісін көрсеттіңіз. Біз Жеңіс үшін аянбаған аға буынның ерлігін әрдайым жадымызда сақтап, оны жастарға өнеге ретінде жеткіземіз, – делінген Президент құттықтауында.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Жолдасбекұлы аудан тұрғындарын Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, жас ұрпақты аға буынның ерлігіне тағзым етуге шақырды.

Василий Рудометов 1944 жылы 17 жасында әскерге шақырылған. Соғыс аяқталғаннан кейін ол жеті жыл бойы гвардия құрамында әскери қызметін жалғастырған. Ардагердің құрметіне ұйымдастырылған мерекелік концерт оның өзі тұратын тұрғын үй ауласында өтті. С. Нұрмағамбетов атындағы мектептің кадеттері қарияға құрмет көрсетіп, өздерінің әскери дайындықтарын көрсетті.

«Батырдың терезесі алдында» атты акция аясындағы концертте сондай-ақ, ерлікпен қаза тапқан жерлестеріміз – қала көшелеріне есімдері берілген Кеңес Одағының Батырлары Павел Тимофеевич Брилин мен Александр Анфиногенович Бурнашовтың рухына тағзым етілді.

Сол күні Ербол Нұрғалиев Полянское ауылының тұрғыны, тыл ардагері Базарбаева Кәуу Құсайынқызын құттықтады. Биыл 102 жасқа толған Кәуу әжейдің бүкіл ғұмыры ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Ол жас күнінен бастап Алтай өңірінің егістік алқаптары мен фермаларында еңбек етті. Төрт бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде 20 немере, 22 шөбере, 4 шөпшек сүйіп отыр. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ол да мерейтойлық медальмен марапатталды.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

ШҚО жаңалықтары

Өскеменде 1 маусымнан бастап жазғы лагерьлер өз жұмысын бастайды
Шығыс Қазақстанда сел қаупі жоғары кезең басталды
Өскемендік 1440 бала «Жігер» жазғы лагерінде демалады
Шығыстағы мектеп оқушылары енді өндіріс орындарында тәжірибеден өте алады