Алтайда «Арғы атаға хат» кітабының тұсаукесері өтті

Жеңіс күні қарсаңында Алтай аудандық орталық кітапханасында қоғам қайраткері, танымал қаламгер Алдияр Әубәкіровтың «Арғы атаға хат. Жеңіс үшін рахмет!» атты кітабының тұсаукесері өтті, – деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа жинақта Алтай ауданы мектеп оқушыларының Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен арғы аталарына арналған хаттары топтастырылған. Бұл – жас ұрпақтың өткенге тағзым етіп, батыр бабалар ерлігін жүрекпен сезініп жазған шынайы сырлары.
Шара барысында кітаптың авторы әрі құрастырушысы Алдияр Әубәкіров, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Өскемен қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Геннадий Пуссеп тыңдарманға туындының маңыздылығы мен жазылу барысы жайында ой бөлісті.
№6 орта мектеп оқушысы Валерия Рубанова өз шығармасы туралы тебірене әңгімеледі:
– Біздің парызымыз – аталарымыздың ерлігін еске сақтау. Өз хатымда арғы атама деген мақтанышымды жеткізіп, бейбіт өмір мен көгілдір аспан үшін алғыс білдірдім.
Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарқызы өз сөзінде бұл жобаның тәрбиелік мәніне тоқталды:
– Естеліктерсіз өмір жоқ, өткенімен мақтанған елдің болашағы нұрлы. Жобаға белсене қатысқан барлық оқушылар мен қолдау көрсеткен «Казцинк» ЖШС-не алғысымыз шексіз.
Шара соңында автор жас оқырмандарына өз еңбегін сыйға тартып, ата-бабалар рухына тағзым білдірген оқушыларға ризашылығын жеткізді.
Бұл тұсаукесер – Жеңістің мәңгілік мәнін еске салған, ұрпақтар сабақтастығын жалғаған тағылымды мәдени оқиға болды.