Ұлан ауданында Қанипа Бітібаеваға арналған әдістемелік семинар өтті

Ұлан ауданындағы Бозанбай орта мектебінде ғалым-педагог Қанипа Бітібаеваның туғанына 80 жыл толуына арналған әдістемелік семинар өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Іс-шара барысында Қ. Бітібаеваның сіңлісі, мұғалім Бақытжан Омарғалиқызы мерейтой иесі туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісіп, тыңдаушыларға тағылымды ой қалдырды. Сондай-ақ педагогтан тәлім алған шәкірттері де тебірене сөз сөйледі.
Семинар аясында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Назира Касебаева, Айнұр Болаева, Гүлжан Сәдуақасова, Күләш Құрманғалиева өздерінің ашық сабақтары мен шеберлік сыныптарын өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті.
Педагогтер семинарда жасанды интеллектіні оқу бағдарламасына кіріктіру, бағалау критерийлерін жетілдіру, белсенді оқыту әдістері, графикалық құралдар мен функционалдық сауаттылықты дамыту жолдарын талқылап, өзара тәжірибе алмасты.
Семинар соңында қатысушылар арасында кері байланыс орнатылып, пікір алмасу жүргізілді. Іс-шара мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттырып, шығармашылық ынтымақтастықты нығайтты.