Келер жылы агросекторға бөлінетін субсидия көлемі 658 млрд теңгеге жетпек

Өскемен / Қоғам 12-08-2025, 08:21

Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Азат Сұлтанов сала өкілдерімен кездесу өткізіп, олардың ұсыныстары мен проблемаларын тыңдады. Жиын мақсаты – ауыл шаруашылығының өзекті мәселелерін, әсіресе субсидиялар бойынша берешектерді шешу жолдарын талқылау. Әңгіме барысында субсидия бойынша қарыздар, сыйақы мөлшерлемесі, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді субсидиялау бағдарламасы және басқа да салалық бағыттағы берешектер жайы қозғалды.

Жиынға бірқатар құрылымдық бөлімшелердің басшылары, соның ішінде өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы департаменттерінің өкілдері қатысты. 
Азат Сұлтановтың айтуынша, қазіргі кезде 2026 жылға арналған бюджет жобасы қарастырылып жатыр. Жалпы сипаттағы трансферттер аясында өңірлерге бөлінетін субсидия көлемі биылғы көрсеткішпен салыстырғанда едәуір ұлғаймақ. Егер 2025 жылы бұл көрсеткіш 450 млрд теңге болса, 2026 жылы ол 658 млрд теңгеге жетеді. Ал 2027 жылы тағы 100 млрд теңгеге көбейіп, шамамен 725 млрд теңге қарастырылмақ.
Бұл өзгерістер барлық берешектерді жабуға және субсидиялау аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Мәселен, биыл тыңайтқыштарды субсидиялау бағдарламасына 48 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ көктемгі егіс және күзгі жинау жұмыстарын 5% жеңілдетілген мөлшерлемемен қаржыландыруға 700 млрд теңге, жеңілдетілген лизингке 250 млрд теңге, қайта өңдеуші кәсіпорындардың айналым қаражатына 46 млрд теңге бағытталды.

– «Кең дала» бағдарламасының ауқымы 70 млрд теңге болса, биыл бұл көрсеткіш 700 млрд теңгеге жетті. Біз ерте қаржыландыру тәжірибесін жалғастырып, биыл ғана 2026 жылғы жұмыстарға 100 млрд теңгені қараша айында беруді жоспарлап отырмыз, – деді министр міндетін атқарушы.

Агросектордың басты стратегиялық міндеттерінің бірі – өндіріс көлемін екі есеге арттыру және өнім түрлерін әртараптандыру. Биыл майлы дақылдардың егіс алқабы 1 млн гектарға ұлғайды. Әсіресе Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының көрсеткіштері жоғары.
Сондай-ақ отандық тұқым шаруашылығын қолдау мақсатында арнайы бағдарлама әзірленуде. Бұл бағытта «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» бас директоры Фарид Абитаевпен бірлескен жұмыс жүргізілуде. Жаңа бағдарлама отандық тұқым материалын сатып алуды ынталандырып, егіннің өнімділігін арттыруға сеп болмақ.
Қайта өңдеу саласында да ілгерілеу күтілуде. Министрлік кәсіпорындарды қажетті жабдықтармен және қаржылай ресурстармен қамтамасыз етуді басты міндет етіп отыр. 
Жиын соңында Азат Сұлтанов сала өкілдерінің барлық ұсыныстары мен талаптарын тыңдады. Шаруашылық саласының өкілдері берешектерді қайтару мерзімі, «Кең дала» бағдарламасының кейбір талаптарын Шығыс Қазақстан облысының «икеміне қарай өзгерту» туралы сұрақтар қойып, жауап алды.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар