Шығысқа бет алған көш: мемлекеттен – қолдау, халықтан – сенім

Ағымдағы жылы еңбек күші артық өңірлерден еңбек ресурсы тапшы аймақтарға қоныс аудару жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жалғасуда. Аталған бағдарлама аясында еліміздің оңтүстік өңірлерінен Шығыс Қазақстан облысына 40-қа жуық адамнан тұратын үміткерлер делегациясы келді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл – жаңа өмір бастауға сеніммен басқан алғашқы қадам. Оңтүстік өңірден шығысқа өз еркімен қоныс аударуға ниет білдірген жандарды Өскемен қаласының кіреберіс қақпасынан жергілікті атқарушы орган өкілдері мен өнерпаздардан құралған топ жылы шыраймен қарсы алып, ерекше сый-құрмет көрсетті.
Кездесуде Ұлан ауданы әкімдігінің өкілдері өңірге келген азаматтарға аудандағы бос жұмыс орындары туралы мәлімет берді. Сонымен қатар, олар «Тәуелсіздік монументіне» барып, тарихи нысанмен танысты.
Іс-шараны облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мен өңірлік еңбек мобильділігі орталығы ұйымдастырған.
Мемлекеттік бағдарлама қатысушылары Самар, Үлкен Нарын, Марқакөл, Күршім, Тарбағатай, Зайсан және Катонқарағай аудандарын аралап көреді. Мақсат – үміткерлердің қоныс аудару туралы нақты шешім қабылдауына ықпал ету. Осылайша, еңбек ресурстарын тиімді үлестіру арқылы ауылдық елді мекендерді дамыту.
Қоныс аударушыларға жұмыс, тұрғын үй және әлеуметтік қолдау бойынша толық ақпарат берілуде. Арайлым Есімбекованың айтуынша, өңірде дәрігерлер, медбикелер, фельдшерлер, сондай-ақ, педагогтер, атап айтқанда, ағылшын тілі, математика, орыс тілі, дене шынықтыру пәндері мен бастауыш сынып мұғалімдері жетіспейді.
Сонымен қоса Зайсан мен Катонқарағай аудандарында халықаралық әуежай құрылысы жүріп жатқандықтан, әуежай қызметін меңгерген, арнайы білімі бар мамандарға да сұраныс артуда. Сол себепті, әуежай саласының жұмысын жақсы білетін, көпбалалы әке Катонқарағай ауданына барып, ондағы жағдаймен танысып көруге шешім қабылдаған.
Оңтүстіктен келген үміткерлер арасында білікті мамандармен қатар, көпбалалы отбасылар мен еңбекке бейім жастар да бар. Олар өздеріне қолайлы өмір сүру ортасын табу үшін жайлы қоныс іздеп жүр.
Мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты – көшіп келген азаматтардың жаңа қонысқа бейімделіп, ел қатарлы өмір сүріп кетулеріне бар жағдай жасау, оларды тұрақты жұмыспен қамту және ел ішіндегі демографиялық әрі экономикалық теңгерімді қамтамасыз ету. Өз болашағын Шығыс Қазақстанмен байланыстыруға ниетті әр отбасының болашаққа жасаған қадамы – ынтымақ пен берекенің бастауы. Ең маңыздысы – осыны жүзеге асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетіліп, көп мүмкіндіктер қарастырылған. Енді сол мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану – әр азаматтың өз қолында.
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Жалғас Сақадиев