Өскемен қаласында 18 жасқа дейінгі балаларға қоғамдық көлікте тегін жүру енгізілмек
Өскемен
1-06-2025, 12:24

Өскемен қаласында жаңа әлеуметтік бастама жүзеге асырылмақ — 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл ұсынысты қала әкімі Алмат Ақышов көтерді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Бұл шара балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдауға және оқушылар мен студенттер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Қазіргі уақытта тиісті нормативтік құжат әзірленіп, келісу кезеңінен өтуде.
- Қалалық инфрақұрылым барлық санаттағы азаматтар үшін қолайлы әрі қолжетімді болуы тиіс. Өсіп келе жатқан ұрпақты қолдау — жұмысымыздағы басым бағыттардың бірі, — деді Алмат Ақышов.
Тегін жүру мүмкіндігі баланың жасын растайтын құжатты көрсету арқылы қолжетімді болады деп жоспарлануда. Механизмнің толық тәртібі кейінірек нақтыланбақ.
Өскемен қаласы әкімінің баспасөз қызметі