Шығыс Қазақстанда 5 мыңнан астам бала көлікте тегін жүруге қол жеткізіп отыр

Өскемен 31-05-2025, 12:03

Қоғамда әр қадам санаулы, ал кей отбасыларда әр теңге есептеулі. Осындай сәтте Шығыс Қазақстан облысында балаларға арнап жүзеге асырылған игі шешімдер – нағыз әлеуметтік әділеттілік көрінісі болып отыр. Облыста бес мыңнан астам бала көлікте тегін жүру мүмкіндігімен қамтылып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

2024 жылдың басынан бері Өскемен қаласы мен Зайсан, Алтай, Глубокое, Күршім аудандарында әлеуметтік осал санаттағы балалар – көпбалалы, аз қамтылған, қамқоршылықтағы және жетім балалар – қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігіне ие болды. Бұл – уақытша акция емес, жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік пакет.

Бүгінде 5 312 балаға қала ішінде кедергісіз жүру құқығы берілген. Олардың қатарында 3 873 бала – Өскеменде, 620 – Зайсанда, 461 – Глубокое ауданында, 263 – Алтайда, ал 95 бала – Күршім ауданында.

Осылайша, ата-ананың иығынан тарифтік жүктеме алынып тасталды: кей өңірлерде бір жолақы құны 90 теңгеге дейін жетсе, бұл қаржы бүгінде жергілікті бюджет есебінен субсидияланып отыр. Бағдарламаға 178 миллион теңге бөлінген.

Бұл — мектепке, спорт үйірмелеріне, медицина мекемелеріне, қосымша білім ошақтарына жетуге ашылған жол десек артық айтқандық емес. Қаржылық кедергілер – кей отбасылар үшін білім мен дамуға тосқауыл екенін ескерсек, бұл шешім балалардың болашағына жасалған салмақты инвестиция.

– Біздің мақсат – көлікті ғана емес, мүмкіндік кеңістігін де кеңейту, – дейді ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Акрамов. – Бұл жүйені одан әрі жетілдіріп, қамтуды ұлғайтуға күш саламыз.

Айта кетерлік тағы бір тұс – 2023 жылдың соңынан бастап әлеуметтік маңызы бар бағыттарда І топтағы мүгедектер мен «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, сондай-ақ «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар да тегін жүру мүмкіндігіне ие болды. Бұл – өмірдің қай кезеңінде де мемлекет қамқорлығынан тыс қалмайтынының айғағы.

Бүгінде бұл бастама тек жол жүруге емес, қоғамдағы теңдікке бастар жол болып отыр. Қоғамдық көлікпен тегін жүру – шын мәнінде балаларға берілген еркіндік, ата-аналарға жеңілдік, ал қоғамға – биік мәдениеттің нышаны.

Дамир Омаров

Фото: Махаббат Ахметжанова

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар