Жаңа өндірістер – жаңа серпін: Зайсан ауданына инвестиция құйылмақ

Өскемен 30-05-2025, 11:20

Жұмыс сапары аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Зайсан ауданының халқымен ашық форматта кездесу өткізді. Жиында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыру шеңберінде экономиканың өсімі мен әртараптандырылуын қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту және өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу жайы талқыланды.

– Өңірлік жалпы өнімдегі өнеркәсіп үлесі 40 пайызға жетіп отыр. Сыртқы факторлардың ықпалын ескере отырып, біз экономиканы әртараптандыру жұмыстарын жалғастырып келеміз. Жыл сайынғы өсімді қамтамасыз ету үшін облыста өңірлік жобалық кеңсе құрылды. Барлық қала мен аудан бойынша бес жылдық экономикалық өсу нүктелерінің жоспарлары, сондай-ақ ауылдық округтерге арналған “Жол карталары” бекітілді. Әр ауданның әкімімен 2025 жылға дейінгі нақты жобалар мен іс-шараларды қамтитын KPI-ға қол жеткізуге бағытталған меморандумдарға қол қойылды, – деді облыс әкімі.

Кездесу барысында Зайсан ауданының агроөнеркәсіптік кешені мен өнеркәсібін дамытуға әлеуеті бар екені, сондай-ақ мұндағы экономикалық және адами капиталдың маңызы атап өтілді.
Биыл аудан бойынша бірқатар жаңа өндіріс орындарын ашу көзделген. Атап айтқанда, Дайыр ауылында минералды және алкогольсіз сусын шығаратын цех («ARNNA MINERALS» ЖШС) іске қосылады. Сонымен қатар Зайсан қаласында ет өңдеу зауыты («Шығыс АС» ЖШС), қызыл кірпіш шығаратын зауыт («Саялым» ЖШС) салынып, көкөніс пен жеміс-жидекті қайта өңдейтін цех (ЖК «Ринат») іске қосылады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, Айнабұлақ ауылында кемпинг (ЖК Пушпаков Е.) салу және Қарабұлақ ауылында балық өңдеу зауытын («Zaisan-Balyq» ЖШС) қалпына келтіру көзделіп отыр.

Облыс әкімі аудан басшысына даму жоспары аясындағы барлық жобаларды сапалы әрі мерзімінде орындауды, сондай-ақ кіріс көздерін ұлғайту және салық базасын кеңейту бағытында жұмыстарды күшейтуді тапсырды.


ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар