Сарбаздардың халықаралық сайысы басталды

Беларусь жеріндегі «Лосвидо» полигонында «Ерлік пен шеберлік» төсбелгісін тағу құқығына арналған халықаралық жарыс басталды.
Биылғы байрақты бәсекеге Қазақстанның Десанттық-шабуылдау әскерлерінің (ДШӘ) тоғыз әскери қызметшісі қатысуда, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Олардың қатарында капитан Сапарбек Дәулеткерей мен 3-сынып сержанты Мусабай Сарбаев бар. Екеуі де бұл сынақтан бұрын өткен, былтырғы жарысқа қатысып, мол тәжірибе жинаған.
Сайысқа қатысушылардың айтуынша, өткен жылғы тәжірибе биылғы дайындыққа негіз болған секілді.
Оқу-жаттығу жарысының салтанатты ашылу рәсімі «Лосвидо» полигонының саптық алаңында өтті.
Шараға жетекшілік еткен Беларусь Республикасы Қарулы күштері арнайы операциялар тобының қолбасшысы, генерал-майор Вадим Денисенко өз сөзінде қазақстандық десантшыларға ерекше құрмет білдіріп, екі елдің әскери ынтымақтастығы тұрақты және нәтижелі екенін атап өтті.
– Қазақстандық десантшыларға деген көзқарасым өте жылы. Олар біздің жарыстарға қатарынан үшінші жыл қатысып отыр. Бұған қоса, біз бірнеше жылдан бері Қазақстанның тау-шөлді аймағында өтетін «Бауырластық шыңы» және орман-батпақты жерде ұйымдастырылатын «Орман бауырластығы» оқу-жаттығулары аясында да бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Қонақтарымызға сәттілік тілеймін, – деді генерал-майор Вадим Денисенко.
Жарыс жеке форматта өтуде және ол ауқымды сынақтар жиынтығын: әскери дайындық бойынша теориялық тесттерден бастап, шектен тыс физикалық жүктемелерге дейін қамтиды. Бағдарламада:
• толық әскери жарақпен жүзу;
• тікұшақтан шектеулі алаңға парашютпен секіру;
• жергілікті жерде бағдарлаумен 30 шақырымдық марш-бросок;
• түрлі қарудан ату нормативтері;
• кедергілер мен су бөгеттерінен өту;
• соңғы кезең – үш қарсыласпен жекпе-жек бар.
Жалпы, жарысқа әртүрлі елдерден келген шамамен 120 әскери қызметші қатысуда. Қазақстан атынан тоғыз десантшы бақ сынауда. Барлық сынақтан сүрінбей өткендерге «Ерлік пен шеберлік» төсбелгісін тағу құқығы беріледі.
Бұл – элиталық дайындықтың, рух қуаты мен кәсіби шеберліктің символы.
Былтырғы жарысқа қатысқан 98 жауынгердің тек 28-і ғана финалға жеткен болатын. Олардың қатарында Қазақстан Қарулы күштерінің Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бес сарбазы бар.