«Халық заңгері» республикалық акциясы: ел тұрғындарына тегін заң көмегі көрсетіледі

Мамырдың соңғы жұмасында еліміздің барлық ірі қалаларында заңгерлер халықпен тікелей жүздеседі. Құқықтық сауатты қоғам – әділдік пен заң үстемдігінің кепілі. Осы мақсатта елімізде дәстүрге айналған «Халық заңгері» атты жалпыреспубликалық акция биыл да өз жалғасын таппақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
30 мамыр күні сағат 17:00-де, жергілікті уақытпен, Қазақстанның барлық ірі қалаларында бір мезгілде басталатын бұл шарада кез келген азамат кәсіби заңгерлерден тегін кеңес ала алады. Акция елімізде ғана емес, халықаралық тәжірибеде де теңдесі жоқ форматымен ерекшеленеді.
Акцияның басты мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және сапалы заң көмегін қолжетімді ету. Іс-шараға Қазақстанның үздік адвокаттары, нотариустары, прокурорлары, тергеушілері, жеке сот орындаушылары және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады. Бұл – қарапайым азаматтарға құқықтық мәселелерін кәсіби деңгейде, еш кедергісіз шешуге берілген нақты мүмкіндік.
«Халық заңгері» акциясы ҚР Үкіметінің қолдауымен өткізіледі. Ұйымдастырушылар қатарында – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, ҚР Әділет министрлігі, Zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, Республикалық адвокаттар алқасы және басқа да мемлекеттік билік органдары мен заң қауымдастығының өкілдері бар.
Шара тек ірі қалаларда ғана емес, шалғай аудандарды да қамтиды. Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары үшін «Халық заңгері» акциясы келесі мекенжайларда өтеді:
- Өскемен қаласы – Қазақстан көшесі, 55-үй, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті ғимараты;
- Риддер қаласы – Тәуелсіздік даңғылы, 14, «Мәдениет сарайы» КМКҚК;
- Алтай қаласы – Тәуелсіздік көшесі, 20, Алтай ауданы әкімдігі ғимараты;
- Күршім ауданы – Күршім ауылы, Ибежанова көшесі, 23, Күршім ауданы әкімдігі.
Құқықтық кеңеске мұқтаж азаматтар үшін бұл – кәсіби заңгерлерге тегін жүгіну мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар өз құқықтарын білу мен қорғауға бір қадам жақындау. «Халық заңгері» – заңгер мен халық арасын жақындатқан сенімді көпірге айналып келеді.