Шығысқазақстандық студент кикбокстан әлем кубогінің иегері атанды
Өскемен
24-05-2025, 17:49

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының екінші курс студенті Ернұр Қуанышұлы Қайырбеков кикбокстан Әлем кубогының жеңімпазы атанып, үлкен спорттық жетістікке қол жеткізді.
Халықаралық деңгейдегі байрақты бәсеке Түркияның Анталья қаласында өтті. Ернұр жарыс барысында жоғары физикалық дайындық пен техникалық шеберлікті, сондай-ақ рухтың мықтылығын көрсетіп, ересектер арасындағы үш жекпе-жекте айқын жеңіске жетіп, бірінші орынды иеленді.
– Бұл мен үшін жай ғана жеңіс емес, алға жасалған маңызды қадам болды. Әр жекпе-жек – мінездің сынағы. Қазақстан мен университетіміздің абыройын халықаралық аренада лайықты деңгейде қорғағаныма қуаныштымын. Маған үнемі қолдау білдіріп жүрген бапкерлеріме, оқытушыларыма және топтастарыма алғысымды білдіремін. Бұл – бәріміздің ортақ жеңісіміз, – деді Ернұр Қайырбеков.
С.Аманжолов атындағы ШҚУ баспасөз қызметі