ШҚО: Өскеменде омарташылар байқауы өтеді

Өскемен 23-05-2025, 18:17

Шығыс Қазақстан облысының омарташыларын қызықты байқау күтіп тұр. Сылдыраған бұлағы, жайқалған құрағының өзі жанға дәру беретін Алтайдың қойнау-қолатында алтынға бергісіз өнімді өндіріп жатқан омарташылар сайыста кәсібиліктерін көрсетіп, өз шаруашылықтарының даму деңгейімен сынға түспек, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

2025 жылғы 31 мамырда, сағат 9.00-де «Малшылар күнін» мерекелеу аясында Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясы аумағында «Шығыс Қазақстанның үздік омарташысы» байқауы өтеді.

Республикалық Ара шаруашылығы палатасы, «ҚР омарташылар қауымдастығы» ЗТБ, «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясы» ЖШС, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, «Атамекен» ҰКП, ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы ұйымдастырып жатқан байқау — өңірімізде ара өсіріп, бал өндіріп жатқан кәсіпкерлерді қолдауға, ынталандыруға, шығыстың табиғи бренді болып келе жатқан бал сапасын арттырып, омарташылықты өркендетуге арналған.

Қазіргі күні облыстағы омарта шаруашылықтарының барлық санаттарындағы бал арасы ұясының саны 90,9 мыңнан асып отыр. Облыстық бюджеттен омарташылықтарға жыл сайын субсидия бөлініп келеді.

Бал арасы ұясының көпшілігі Катонқарағай ауданында шоғырланған, мұнда облыстағы барлық ара ұясының 30%-ы орналасқан. Соңғы жылдары омарташылық шаруашылықтар Алтай, Глубокое, Ұлан аудандарында көбейіп келеді. Күршім ауданының Маралды өңірі де ерекше табиғи балымен тамсантып отырған өлке.

Бүгінгі күні облыста асыл тұқымды ара шаруашылығымен айналысатын шаруашылық субъектілерінің саны 50 бірліктен асып отыр.


Фото: pixabay.com

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар