Елімізде жыл басынан бері 190-ға жуық мал ұрысы ұсталды

Елімізде мал ұрлығына қарсы қабылданған шаралардың арқасында бұл қылмыс түрінің саны соңғы бес жылда 64 пайызға төмендеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2024 жылдың басынан бері елімізде мал ұрлығына қатысты 188 дерек тіркеліп, 190-ға жуық қылмыскер ұсталды. Сондай-ақ, мал ұрлығымен айналысқан 41 қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Ұрланған 1 134 мал иелеріне қайтарылды.
Алматы облысында полиция жайылымда жүрген ірі қараны ұрлап келген үш адамнан тұратын топты ұстады. Тергеу барысында олардың 30-дан астам сиырды ұрлап, сойып, етін Алматы базарларында сатып келгені анықталды. Ұсталғандардың бірі жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істеген.
Павлодар облысында да үш адамнан құралған қылмыстық топ құрықталды. Олар 2023 жылдың желтоқсанынан бері Екібастұз ауданында жылқыларды ұрлап келген. Тергеу барысында күдіктілердің бірі ауыл шаруашылығы серіктестігінде жылқышы болып жұмыс істеп жүріп, соңғы екі жылда 70-тен астам жылқыны ұрлағаны белгілі болды.
Ішкі істер министрлігі азаматтарға мал ұрлығының алдын алу үшін қарапайым қауіпсіздік шараларын ұстануға кеңес береді. Атап айтқанда, қораларды мықтап бекітіп, малды қараусыз қалдырмау, GPS-трекерлер орнату, чиптеу және сырғалау сияқты заманауи әдістерді кеңінен қолдану ұсынылады.
Ақпарат көзі: Polisia.kz
Фото: pixabay.com