Балалар лагерлерінің қауіпсіздігі жүйелі тәсілді қажет етеді

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру – аса жауапты іс. Бұл ретте олардың қауіпсіздігі бірінші кезекте тұруға тиіс. Алайда Ішкі істер министрі Ержан Саденов Үкімет отырысында қазіргі таңда балалар лагерлері міндетті қорғалуға жататын объектілердің аумақтық тізбелеріне енгізілмегенін атап өтті. Соның салдарынан лагерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нақты заңнамалық критерийлері мен талаптары жоқ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, бұл мәселені шешу үшін Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті әкімдіктер Үкіметтің 2021 жылғы №234 қаулысына сәйкес тізбелерге тиісті өзгерістер енгізуі қажет. Бұл лагерлердің құқықтық мәртебесін нақтылап, оларды қауіпсіздік талаптарына сай бақылауға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Ішкі істер министрлігі балалар лагерлеріндегі қауіпсіздікті күшейтуге дайын екенін білдірді. Атап айтқанда, лагерь қызметкерлерін тексеру, учаскелік инспекторларды бекіту, сондай-ақ балаларды тасымалдау кезінде полицияның сүйемелдеуі сияқты шараларды қолға алуға әзір.
Балалардың амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек бір ғана органның емес, бүкіл мемлекеттік құрылымдардың жүйелі және үйлесімді әрекетін талап ететін ортақ міндет.