Гүлмен көмкерілген Өскемен: қалада көгалдандыру қызу жүріп жатыр

Өскеменде көктеммен бірге қала көшелері мен алаңдарына көрік беретін гүл отырғызу науқаны қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Коммуналдық қызмет өкілдері әрбір гүлзар мен клумбаның орналасу ерекшелігіне, жарық мөлшеріне сай гүлдердің түс үйлесімі мен отырғызу құрылымын мұқият жоспарлаған. «Таза Өскемен» мекемесінің мәліметінше, биыл шаһар көшелері мен қоғамдық орындарда петунья, барқытгүл, агератум, сальвия, цинерария, маттиола, зинния, вербена, целозия, кохия, газания, гайллардия сынды сәндік гүлдерден тұратын алуан түрлі композициялар отырғызылмақ.
Гүл егу жұмыстары тек орталық көшелермен шектелмейді. Қаладағы негізгі нысандар – Жеңіс даңғылы, Республика алаңы, Қазақстан мен Бажов көшелері, Ульба өзені бойындағы көпір алды аймақ, әуежай маңы, Арбат көшесі және Оралхан Бөкей, Сағадат Нұрмағамбетов ескерткіштері орналасқан демалыс аймақтары да гүлмен көмкерілуде.
Айта кетейік, биыл қаладағы төрт бірдей раушан бағы жаңартылып отыр. Атап айтқанда, «Жеңіс» мемориалы, Амфитеатр жанындағы субұрқақ, Арбат және Оралхан Бөкей ескерткіші маңындағы алаңдарға көпжылдық шай раушандары отырғызылған. Жалпы ауданы 200 шаршы метрді құрайтын раушан бақтарына 2400 түп гүл егілген. Коммуналдық мекеме мамандарының айтуынша, биыл раушан гүлдері бұрынғыдан да мол әрі көркем гүлдейтін болады.
Екатерина Седых
Фото:Altainews.kz