Өскеменде шамамен 20 мың шаршы метр аумақ гүлмен көмкеріледі

Өскемен қаласының гүлзарлары мен сәндік клумбаларын көктемгі-күзгі маусымға дайындау жұмыстары қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Таза Өскемен» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны хабарлағандай, гүлзарларды жаңа маусымға дайындау – жазда қаланың қаншалықты көрікті әрі көзтартар болуына тікелей әсер ететін маңызды кезең.
Алдымен қыс мезгілінен кейінгі жиналып қалған қоқыс, түскен жапырақтар мен қураған өсімдіктерден тазарту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан кейін топырақты қопсыту және ауа өткізу (аэрация) шаралары жүзеге асырылады. Бұл топырақтың «тыныс алуы» мен ылғалды жақсы сіңіруі үшін қажет. Сонымен қатар автоматты суару жүйелерін жөндеу мен тексеру де қатар жүріп жатыр. Себебі үздіксіз суару – өсімдіктердің әдемі гүлдеуінің кепілі.
Биылғы көктемде қала аумағындағы 19 750 шаршы метр жерге гүл көшеттері отырғызылады. Өскеменнің ауа райына жақсы бейімделіп, бұрыннан өзін дәлелдеген гүл түрлері таңдалған: петуния, барқытгүл (тагетес), сальвия, цинерария, циния және тағы басқа түрлері.
Гүл көшеттерін жеткізуші кәсіпорын да белгілі болды, бұл – бірнеше жыл қатарынан Өскеменді жоғары сапалы көшетпен қамтамасыз етіп келе жатқан жылыжай шаруашылығы. Оның өнімі тіршілікке бейімділігімен және сапасымен ерекшеленеді.
Көшеттерді ашық топыраққа отырғызу ауа температурасы тұрақталып, үсік қаупі толық сейілген соң басталады.
Фото: «Таза Өскемен» КМК