Өскеменде «Oskemenbus» қосымшасы ресми түрде жұмысын тоқтатты

Өскеменде бұрын қоғамдық көлік қозғалысын бақылауға мүмкіндік берген «Oskemenbus» қосымшасы бүгіннен бастап жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Енді қала тұрғындары мен қонақтары автобустар мен трамвайлардың қозғалысын тек «ONAY!» электрондық төлем жүйесінің қосымшасы арқылы бақылай алады.
Еске салайық, наурыз айында Өскемен қаласы «ONAY!» жүйесіне кезең-кезеңімен көше бастаған еді. Ал сәуірде бұл процесс толық аяқталып, қала толығымен жаңа электрондық төлем жүйесіне көшті.
Қазіргі таңда «Oskemenbus» қосымшасына кіруге мүмкіндік болғанымен, картада қоғамдық көліктердің қозғалысы – автобус не трамвай белгішелері – көрсетілмейді.
Айта кетейік, «ONAY!» қосымшасында жолаушылар қоғамдық көлікті нақты уақыт режимінде бақылап, жолақы төлей алады және маршруттарды алдын ала жоспарлау мүмкіндігі де бар.