ШҚО-да су қоймаларын кешенді пайдалану мүмкіндіктері қарастырылуда

Самар ауданындағы Ешкібай су қоймасы – өңірдегі аса маңызды гидротехникалық нысандардың бірі. Ол жергілікті су теңгерімін реттеуде және табиғи қатерлердің алдын алуда шешуші рөл атқарады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Су қоймасы маусымдық ағын сулар көп жиналатын аймақта орналасқан. Әсіресе көктемгі кезеңде келетін мол су көлемі бұл инфрақұрылымға ерекше бақылау мен техникалық дайындықты талап етеді. Мұндағы кейбір өзен арналарының сипаты уақытша артық су жиналуына бейім болғанымен, бұл жағдай су қорын ұтымды басқарудың жаңа жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл нысанның әлеуетін кеңінен пайдалануға болатынын атап өтті. Оның айтуынша, су қоймасы тек маусымдық қауіп-қатердің алдын алу үшін ғана емес, орман өрттерін сөндіруге, әрі қарай ауыл шаруашылығы жерлерін суғаруға да қолданылуы мүмкін.
Ол жергілікті атқарушы билік, салалық мамандар мен шаруалар арасында кеңес өткізіп, су қоймасын тиімді әрі қауіпсіз пайдаланудың барлық нұсқаларын жан-жақты талқылауды тапсырды.
Дамир Омаров
Фото: Махаббат Ахметжанова