ШҚО тұрғындарының 78 пайызы мобильді байланыс сапасына риза

Сауда және интеграция министрлігі тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің сауалнама нәтижелері бойынша, Шығыс Қазақстан облысы мобильді байланыс сапасына қанағаттану деңгейі бойынша елдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірін көрсетіп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2024 жылы жүргізілген социологиялық зерттеудің деректеріне сәйкес, ШҚО тұрғындарының басым бөлігі мобильді байланыс сапасын оң бағалаған: сауалнамаға қатысқандардың 78 пайызы қызметке риза екенін білдірсе, тек 22 пайызы ғана қанағаттанбағандарын айтқан.
Бұл туралы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті ШҚО бойынша департаментінің басшысы Асхат Сағидолдин мәлімдеді. Оның айтуынша, зерттеу жыл сайынғы тұтынушылық көңіл-күй мониторингі аясында жүргізілген. Оның басты мақсаты – тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік реттеудің тиімділігін бағалау және халықтың тауарлар мен қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейін анықтау.
Цифрлық трансформация жағдайында онлайн-сервистерді кеңінен пайдалану мен интернет-инфрақұрылымның дамуы кезінде мобильді байланыс базалық қажеттілікке айналуда. Ал сауалнама нәтижелеріне қарағанда Шығыс Қазақстандағы мобильді операторлар бұл міндетті ойдағыдай атқарып отыр.
Аталған көрсеткіштер өңір үшін де, телекоммуникация саласы мен қызмет сапасын бақылаушы органдар үшін де оң нәтиже ретінде бағалануы мүмкін.