Тұтынушы құқығы қорғалды: Бұқтырмаға алдын ала төленген қаражат сот шешімімен қайтарылды

Шығыс Қазақстан облысында тұтынушының құқықтары сот арқылы қорғалып, бронь жасау барысында төленген қомақты қаражат толық қайтарылды. Бұл жағдай – азаматтардың тұтынушылық құқығын қорғаудағы нақты мысалдардың бірі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2024 жылдың сәуірінде Қ. есімді азамат Бұқтырма су қоймасы аумағында 28 шілде мен 8 тамыз аралығында жоспарланған іс-шараға байланысты екі үйді жалға алу үшін жеке кәсіпкермен ауызша келісім жасаған. Жалпы жалдау құны – 1 185 000 теңге. Келісім негізінде тұтынушы кәсіпкердің шотына 592 500 теңге көлемінде алдын ала төлем аударған.
Алайда тұтынушы 11 шілдеде жеке себептеріне байланысты жоспарланған іс-шарадан бас тартуға мәжбүр болып, алдын ала төленген соманы қайтаруды сұраған. Жеке кәсіпкер бастапқыда үйлерді қайта жалға берген жағдайда қаражатты қайтаратынын айтқанымен, кейін оны орындай алмағанын айтып, ақшаны қайтарудан бас тартқан.
Тұтынушының сотқа дейінгі талабына кәсіпкер тек 80 000 теңге қайтаруға дайын екенін жеткізген, бірақ бұл сома тұтынушыны қанағаттандырмаған.
Осыған байланысты азамат ШҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Департамент тұтынушыға «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңы мен Азаматтық кодекс нормаларын түсіндіріп, сотқа жүгінуіне кеңес берді.
Нәтижесінде, тұтынушы Өскемен қалалық сотына талап арыз түсіріп, сот оның талабын қанағаттандырды. Сот шешімімен кәсіпкерден 592 500 теңге көлемінде қаражат өндіру туралы шешім шығарылды. Жеке кәсіпкердің апелляциялық шағымы да жоғары сот инстанциясында қанағаттандырылған жоқ.
Аталған істі қарау барысында ШҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтық іс жүргізу кодексінің 52-бабына сәйкес үшінші тұлға ретінде қатысып, тұтынушының мүддесін қорғауға ықпал етті.
Тұтынушылар өз құқықтарын қорғау немесе кеңес алу үшін ШҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне (Өскемен қаласы, Крылов көшесі, 114, тел: 8 (7232) 267207) жүгіне алады.