Шығыс Қазақстан тұрғындарының 78%-ы ұялы байланыс сапасына көңілі толады

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің сауалнамасы нәтижесіне сәйкес, Шығыс Қазақстан облысы ел өңірлері арасында ұялы байланыс сапасына ең жоғары қанағаттану көрсеткішін көрсетіп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2024 жылы жүргізілген социологиялық зерттеу деректері бойынша, сауалнамаға қатысқан ШҚО тұрғындарының басым бөлігі ұялы байланыс сапасына оң баға берген: респонденттердің 78%-ы байланыс сапасына риза екенін айтқан, ал «қанағаттанбаймыз» деп жауап бергендер небәрі 22%-ды құраған.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы Асхат Сағидолдиннің айтуынша, зерттеу тұтынушылардың көңіл-күйін жыл сайын бақылау аясында жүргізілген. Оның мақсаты — тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік реттеудің тиімділігін бағалау және халықтың әртүрлі тауарлар мен қызметтердің сапасына қаншалықты қанағаттанатынын анықтау.
Цифрлық трансформация, онлайн-сервистерді белсенді пайдалану және интернет инфрақұрылымының дамуы жағдайында ұялы байланыс — базалық қажеттілікке айналып отыр. Ал сауалнамаға қатысушылардың пікіріне сүйенсек, ШҚО-дағы байланыс операторлары бұл міндетті лайықты түрде атқарып келеді.
Мұндай нәтижелер өңір үшін де, телекоммуникация саласы мен қызмет көрсету сапасын бақылаушы органдар үшін де оң көрсеткіш болып саналады.