Пилоттық жоба: Онкоскринингтер аясын кеңейту көзделуде
Жаңалықтар
2-06-2025, 18:31

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басшысы Ербол Бекмұхамбетовтің айтуынша, пилоттық жобаның бірінші кезеңі тіркелген халық саны 30 мыңнан кем емес медициналық ұйымдарда жүргізіледі. Екінші кезең – онкоорталықтарда өтпек. Сонымен қатар жаңа скринингтік тестілер де сынақтан өткізіледі. Атап айтқанда, адам папиллома вирусына тест, маммография және ферменттік гемооккульт-тест енгізіледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
– 2028 жылға дейін онкоскринингтермен қамтылатын мақсатты топтардың үлесін 90%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл ретте тегін қолжетімділік аясын кеңейту де көзделген, – деді Ербол Бекмұхамбетов.
Бүгінде онкоскринингтерден жыл сайын шамамен 2,8 миллион адам өтеді. Соның нәтижесінде қатерлі ісіктің 2800-ден астам жағдайы, негізінен ерте сатысында анықталады.
Айта кету керек, соңғы 10 жылда онкологиялық аурулардан өлім көрсеткіші 33%-ға төмендеген.
Дмитрий Чжан
