Өскемендіктер бірлік күнінде ұлттық өнер туындысын тамашалады

Қоғам 1-06-2025, 08:41

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Өскеменде қазақ музыка өнерінің символына айналған аңыз топ туралы түсірілген «Дос-Мұқасан» фильмі көрсетілді. ШҚО Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен рухани кешке қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Дос-Мұқасан» фильмі – 1967 жылы құрылған, қазақ эстрадасына жаңа леп әкелген ансамбльдің тарихына арналған көркем туынды. Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Хамит Санбаев пен Александр Литвинов секілді өнерпаздардың құрған тобы заманына сай жаңашыл бағыттағы әндерімен халықтың жүрегінен орын тапқан.

Фильмнің көрсетіліміне қатысқан аға буын өкілдері мен жастар зор ықылас білдіріп, туындының тәрбиелік, рухани мәнін ерекше атап өтті.

– Бұл фильмді көріп отырып, жастық шағымыз еске түсті. «Дос-Мұқасан» – біз үшін тек музыка емес, тұтас бір дәуірдің символы. Осындай туындылар жастарға үлгі, – дейді Мұратқазы Жанбұршин Самар ауданы Көкжота ауылының тұрғыны.

Көрсетілімнің басты мақсаты – ұлттық музыкалық мұрамызды ұлықтау, жас ұрпаққа қазақ өнерінің дара жолын таныту. Осы орайда, игі бастама бірлік пен мәдениет мерекесін ұштастыра отырып, ел рухын асқақтатты.

– «Дос-Мұқасан» ансамблі – бірлік пен жаңашылдықтың үлгісі. Осы фильм арқылы біз қазақ эстрадасының бастауларына үңіліп, ұлттық өнердің қандай үлкен жолдан өткенімен таныстық. Бұл – бүгінгі ұрпаққа үлгі болатын еңбек. Біз осындай құндылықтарды көбірек насихаттауымыз керек, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Шешен Ерболат.
Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар