ШҚО: «JASYL EL» еңбек жасағының XXI маусымы ашылды

Өскемен 26-05-2025, 18:06

Күршім ауылындағы орталық саябақта Шығыс Қазақстан облысы бойынша «JASYL EL» жастар еңбек жасақтарының XXI еңбек маусымы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Салтанатты жиында республикалық «JASYL EL» штабының жетекшісі Нұрасыл Бекматов жастарды маңызды маусымның ашылуымен құттықтап, биыл 20 жыл толып отырған «JASYL EL» еңбек жасағы жұмыстарының алдағы жылдарда да жалғасын табатынын, жыл соңында еліміздегі үздік жасақтар анықталып, марапатталатынын жеткізді.

Экологиялық жобаларды іске асыра отырып, қалалар мен елді мекендерді көгалдандырумен, абаттандырумен, жастарды жұмыспен қамти отырып, отансүйгіштік рухта тәрбиелеумен айналысатын «JASYL EL» еңбек жасақтары елімізде 2005 жылы құрылған болатын.

Былтыр облыстағы «JASYL EL» жастар еңбек жасақтарында жоспар бойынша 1000 адамды қамту көзделсе, жаз маусымында нақты 1021 адам жұмыспен қамтылған. Өскелең ұрпақ арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, жастарды еңбекке баулуға бағытталған бағдарламаға биыл 1000 адамды тарту жоспарланып отыр.

Облыстағы Жастар ресурстық орталығы және облыстық «JASYL EL» жастар еңбек жасақтары штабының ұйымдастыруымен өткен шараға аудан-қалалардағы Жастар ресурстық орталықтарының басшылары, «JASYL EL» жастар еңбек жасақтары жобасының қатысушылары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері, жастар ұйымдары мен өңір волонтерлері қатысты.

Шара аясында аудандағы «JASYL EL» бағдарламасына қатысқалы отырған жастар орталық саябақта ағаш көшеттерін отырғызып, Ертістегі Күршім көпірінің айналасын шөптерден, қоқыстардан тазалады. Облыс аумағындағы барлық аудан-қалалардың Жастар ресурстық орталықтарының директорлары, сондай-ақ жұмыс беруші ұйымдардың өкілдері қатысқан жиында жаңа еңбек маусымының ұйымдастырылуы, жастарды маусымдық жұмыспен қамту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жұмыс берушілермен ынтымақтастықты нығайту мәселелері де талқыланды.

– Биыл облыстағы жастар жасақтары 11 аудан мен 2 қалада жұмыс істейді. Бағдарламаға 13 жұмыс беруші қатысады. 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылатын әлеуметтік және экологиялық жобаларға қатысып, ағаш көшеттерін отырғызып, ауыл, қала, аудан аумақтарын, түрлі нысандар маңын тұрмыстық қалдықтардан, қоқыстардан, шөптерден тазаламақ, – дейді «JASYL EL» жасағы облыстық филиалының директоры Мақсат Кәрімбаев.

Оқушылар, студенттер мен жұмыссыз жастар үшін бұл жоба – тәжірибе алаңы. Жобаға қатысушы жастар – халықтың әлеуметтік осал топтары, жұмыс жасай алатын мүмкіндігі шектеулі адамдар, NEET санатындағы жастар.

Күршім ауылында тұратын Расул Советбеков биыл еңбек жасағында екінші жыл еңбек еткелі отыр.

– ШҚУ-дың 2-курсында оқимын. Былтыр жасақ құрамында 25 жас еңбек етіп, ауданның киелі жерлерін, демалыс орындарын, ауылдарды тазалап, абаттандырдық. Жазғы еңбек жастарға табыс көзі ғана емес, оларды еңбекке баулуға өз септігін тигізеді, – дейді Расул.

Еске сала кетсек, «JASYL EL» жастар еңбек жасақтарының былтырғы жылғы жұмыс нәтижелері бойынша үздік аудан – Катонқарағай ауданы, үздік қала – Өскемен қаласы, үздік жасақ – Шемонаиха ауданы, үздік штаб – Глубокое ауданы, үздік жұмыс беруші – Алтай ауданы болып танылып, аталған өңірлердің жасақтары белсенділердің сапынан көрінген болатын.


Фото: Жәнібек Ырысбай


Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар