Тасқынға тосқын: Сақтық шаралары нәтижесін берді

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Алтай ауданына барып, Бұқтарма және Поганка өзендері маңындағы жағдаймен танысты. Өңір басшысы тұрғын үйлерді су басу қаупінің алдын алу шараларын тексеріп, жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметінің үйлесімді әрекетін жоғары бағалады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
30 сәуірде екі күнге созылған нөсер жаңбыр мен таудағы қардың тез еруі салдарынан Бұқтарма өзенінің деңгейі сындарлы межеден асып, қауіпті жағдай қалыптасты. Сонымен қатар, Зубовск кентінде жер асты сулары көтеріліп, Поганка өзенінің дренаждық жүйесінде бұзылу орын алды. Нәтижесінде 10 тұрғын және 3 тұрғын емес үйдің ауласын су басты.
Дегенмен, шұғыл іске кіріскен құтқарушылар мен жергілікті билік күштері бірлесе әрекет етіп, су тасқынының алдын алды. ШҚО ТЖД мамандары 4250 текше метр суды арнайы техникалармен сорып шығарды, 2000 дана қап төселді. Бөгетті бекіту үшін 980 тонна тау жынысы жеткізіліп, 60 метрге жуық дренажды аймақтарға полиэтилен үлдір төселді.
1 мамыр күні дрон арқылы Зубовск кенті тексеріліп, бөгетті нығайту жұмыстары жалғасуда. Оқиға орнында жедел штаб жұмысын жалғастырып жатыр. Облыс әкімі барлық жауапты қызметтерге жағдайды жіті бақылауда ұстауды тапсырды.
Су тасқынына қатысты ахуал өңірлік штабтың тұрақты бақылауында. Мониторинг тәулік бойы жүргізілуде.