Зейнет – өз қолыңда: сарапшылар жүйенің артықшылықтары мен сын-қатерлерін атады

Қазақстан 2024 жылдың қорытындысы бойынша Mercer CFA Institute-тың жаһандық зейнетақы индексіне енген ТМД кеңістігіндегі жалғыз мемлекет атанды. Бұл — еліміздегі көпдеңгейлі аралас зейнетақы жүйесінің тиімділігін дәлелдейтін көрсеткіш. Сарапшылар мемлекеттік және жинақтаушы бөліктерден тұратын қазіргі модельді оң бағалап отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі БЗЖҚ мәліметіне сүйене отырып.
Алайда, жүйеде бірқатар тәуекелдер де бар.
Мәселен, ынтымақты зейнетақының көлемі жыл сайын қысқарып келеді. Бұл төлем тек 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліне негізделген. Сондай-ақ, 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарналары азаматтың кәріліктегі лайықты өміріне кепілдік бере алмайды.
Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін 2024 жылдан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) кезең-кезеңімен енгізіле бастады. Бұл жаңашылдық алдымен 1975 жылы және одан кейін туған қызметкерлерге қатысты қолданылады. Енді зейнет жасындағы табыстың тұрақты болуы үшін жауапкершілік үш тарап — мемлекет, жұмыс беруші және азамат арасында бөлінбек.
Сонымен қатар, демографиялық жағдай да алаңдатарлық: халықтың қартаюы,туу көрсеткішінің төмендеуі, көші-қонның оң сальдосы Қазақстанның әлеуметтік саясатында жаңа бағыттарды қажет етуде. Сарапшылардың айтуынша, демографиялық жүктеменің артуы еңбекке қабілетті халықтың қысқаруына әкелуі мүмкін.
Мұндай жағдайда жүйені жаңғыртпай болмайды. Сарапшылар мынадай ұсыныстар білдіреді:
- Зейнетақы жүйесін заман талабына сай жаңарту;
- Жастар мен отбасыларды қолдауға бағытталған нақты қадамдар жасау;
- Еңбек нарығын икемділікке бейімдеу;
- Жаңа әлеуметтік саясат стратегияларын әзірлеу.
Зейнетақымен қамсыздандыру — тек қаржы емес, ұлт болашағының тірегі. Сондықтан жүйелі жаңғыру мен батыл шешімдер уақыт талабы болып тұр.
Фото: gov.kz