Катонқарағайда этноауыл, облыс орталығында этномейрамхана мен этнокофехана ашылады – ШҚО

Шығыс Қазақстан облысында ауылдық елді мекендер мен туризмді дамыту аясында Катонқарағай ауданында этноауыл мен этноқонақ үй, ал облыс орталығында этномейрамхана мен этнокофехана салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, инвесторлардың көмегімен «Сандық» этномейрамханасы мен «TARY» этнокофеханасын салу көзделуде. Этномейрамхананың ашылуы ұмыт болған дала асханасының рецептерін қайта жаңғыртуға, пайдалы тағамдарды әзірлеу дағдыларын дамытуға және жалпы халықтық дәстүрлердің тереңіне үңілуге мүмкіндік береді.
Ал қазақ асханасына тән этнокофехананың ашылуы – өзінің мақсат-міндеттері бойынша мүлде жаңа жоба. Бұл жоба пайдалы сусындарды дайындауға бағытталған. Мәселен, кофе дәндерінің орнына өңделген тары, сондай-ақ Шығыс Қазақстанның жидектері мен шөптері пайдаланылатын болады.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, облыста отандық және шетелдік туристерді тартуға қолайлы жағдай жасау мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Фото: Махаббат Ахметжанова