ШҚО-да вагондарды әкелу-әкету қызметі бәсекелестік тұрғысынан тексерілуде

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті вагондарды әкелу-әкету жөніндегі қызметтер нарығында жоспардан тыс талдау жүргізіп жатыр. Бұл жұмыс департаментке келіп түскен өтініш аясында басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Талдаудың негізгі мақсаты – аталған нарықтағы бәсекелестіктің шынайы жағдайын анықтау. Осы мақсатта мамандар бірқатар бағыттар бойынша зерттеу жүргізуде:
-
Тауар нарығының шекарасы мен оның нақты құрылымын айқындау;
-
Өзара алмастырылатын қызмет түрлерінің белгілерін анықтау;
-
Нарықтағы жалпы көлем мен негізгі субъектілердің үлесін есептеу;
-
Бәсекелестік ортаның деңгейін бағалау;
-
Қызмет көрсетушілер жұмысына кедергі келтіретін шектеулер мен қиындықтарды анықтау, оның ішінде нарыққа кіру тосқауылдарын зерттеу;
-
Монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілерін анықтау.
Агенттік аталған талдау арқылы нарықтың ашық әрі әділ жұмыс істеуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ жосықсыз бәсекелестіктің алдын алуды көздейді.
Мұндай жоспардан тыс шаралар нарық қатысушыларының құқықтарын қорғауға, тұтынушылар үшін қызмет сапасын арттыруға және экономиканың ашықтығын нығайтуға бағытталған.
Фото: depositphotos.com