Ұлттық ұлан: Ел Президенті Жолдауындағы бастамаларды жүзеге асыруға дайын
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауы ел айбынын асырар жаңа бастамаларға арқау болғаны сөзсіз. Мемлекет басшысы бірқатар маңызды мәселенің басын қайырып, жаңа міндеттерді жария етті. Жыл сайынғы Жолдауды Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы да іждағаттылықпен тыңдады. Өйткені ел тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін қорғауды басты міндеті деп білген құқықтық тәртіп әскері жаңа бастамалардың басы-қасында болып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қырандай қырағы болуы шарт.
Ел алғысына бөленген «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты аймақтың геосаяси әрі стратегиялық маңызы зор екені белгілі. Сондықтан қолбасшылық бейбіт өмірде ұлт тұтастығын қадағалап, елдің абыройын асқақтатуда жан аямай еңбек етіп келеді. Мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ұрысқа қабілетті маңдайалды құрылымдардың біріне айналған Ұлттық ұлан әскері ерлік пен мінсіз қызметтің жоғары үлгісін көрсетіп жүр.
Өңірлік қолбасшылықтың жеке құрамы қызметтік-жауынгерлік міндеттерге білек сыбана кірісуде. Өңірдегі түзеу мекемелерінде қырағылық танытып, тәртіпсіздіктің алдын алса, стратегиялық нысандарды көздің қарашығындай қорғауда табандылық танытып келеді.
Жолдауда Мемлекет басшысы елімізде екінші және үшінші атом электр станциялары салынатынын атап өтті. Президент бұл нысандардың құрылысын қазірден бастап жоспарлау қажеттігін айтты. Бүгінде Қазақстан қуат көздерін жан-жақты жаңғыртуда. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен ауқымды жобалар іске асуда. Мәселен, алдағы бес жылда қуаты 6,3 гигаватт болатын «жасыл» энергия нысандарын іске қосу жоспарланған. Яғни, мемлекетіміз үшін маңызды нысандардың қауіпсіздігін қадағалауда Ұлттық ұлан жауынгерлері кірпік қақпай қызмет етпек.
Жалпы, Отанымыздың қауіпсіздігін жанқиярлықпен қорғауда әскери қызметшілердің ерлігі орасан зор. Жауынгерлер ел тыныштығын күзетуді – отансүйгіштіктің айнымас белгісі деп біледі. Әсіресе, ел тыныштығын күзетуде қырағылық танытқан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы жауынгерлік әзірлік пен кәсіби шеберлігін үнемі арттырып келеді.
Сан қырлы даму мен жетілу сатыларынан сүрінбей өткен ішкі әскер жұртымызды жасампаздыққа жетелейтін Жолдаудың жүзеге асуына барын салатыны сөзсіз.

