Электросамокаттар жайлы заң күшейтіледі – Президент
Президент / Қоғам
8-09-2025, 19:49
Қазақстанда жол-көлік апаттарының азаймай отырғанын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
– «Жыл басынан бері 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Көп нәрсе жүргізушілердің өзіне байланысты, себебі жол ережесін жиі бұзады. Әрбір адам өз өміріне және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін сезінуге тиіс. Көлік жүргізу мәдениетін бүкіл қоғам болып қалыптастыру қажет», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары өзекті мәселеге айналған электросамокаттар тақырыбына да тоқталды.
– «Бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып жатыр. Екі жыл бұрын жаяу жүргіншілер жолымен жүруге шектеу енгізілгенімен, қоғамдық орындардағы жағдай әлі де өзгерген жоқ. Азаматтарға қауіп төніп тұр. Қазір заңға қажетті түзетулер әзірленді, оны көп созбай қабылдау қажет. Әрбір азаматтың, әрбір баланың өмірі қымбат. Бұл мәселеде ұсақ-түйек деген болмайды. Әрбір шара – Қауіпсіз Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам», – деді Мемлекет басшысы.

