Өскеменде ауқымды абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр

Өскемен 4-08-2025, 14:43

Өскемен қаласында саябақтар, гүлзарлар мен жаяу жүргіншілер аймақтарына ерекше көңіл бөлінуде. Облыс орталығының әкімі Алмат Ақышовтың айтуынша, тұрғындардан шағым түскенін күтпей-ақ, жайлылықты қамтамасыз ету және тәртіп орнату қажет, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қаланың өзекті мәселелері

Қоғамдық орындарды абаттандыру мен тәртіпке келтіру – жергілікті атқарушы органның күн тәртібіндегі басты сұрақтардың бірі. Қала әкімі тиісті құрылымдарға қалалық ортаны жақсартуға бағытталған бірнеше тапсырма берді. Әсіресе, саябақтар мен гүлзар аумақтарындағы заңсыз сауданы тоқтату талап етілді. Өйткені бейберекет сауда орындары қаланың көркін бұзып, тұрғындардың тынығуына кедергі келтіреді.

Халық көп жиналатын демалыс орындарында қоғамдық санитарлық тораптар орнату және оларды тұрақты күтіп ұстау – бұрыннан көтеріліп жүрген, жүйелі шешімді қажет ететін мәселе. Жайлылық тек орындық пен гүлзар ғана емес, ең алдымен санитарлық талаптардың орындалуы екенін ұмытпау керек. Сонымен қатар, қоқысты шығару мен тазалықты бақылау — Өскемен үшін тағы бір өзекті тақырып.

«Тазалық пен тәртіпке қатысты кестенің болуы, оның ашықтығы мен орындалуы, мердігерлердің жауапкершілігі — барлығы бақылауда болуы тиіс», – дейді қала әкімдігіндегілер.

Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер аумағында электросамокаттар мен велосипедтердің қозғалысын қауіпсіз ету қажет. Өйткені соңғы уақытта мобильді жеке көлік құралдарының саны көбейіп, сонымен қатар тротуардағы келіспеушіліктер саны да артқан. Әсіресе, балалар мен егде жастағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — басты міндеттердің бірі.

Бұдан бөлек, ит серуендетуге арналған арнайы аймақтар құрылуы қажет. Бұл жерде санитарлық талаптардың сақталуы қатаң ескерілуі тиіс. Жануарларға деген махаббат – ең алдымен өзіңе, итіңе және айналаңа деген жауапкершілікпен өлшенеді.

Жаяу жүргіншілерге құрмет

Өскеменде Спорт сарайы маңындағы жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі қайта ашылды. Енді тұрғындар мен қала қонақтары жолды тек аспалы өткелмен ғана емес, жермен де қауіпсіз әрі ыңғайлы кесіп өте алады. Бұл әсіресе қарттар, арбамен жүрген ата-аналар және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін өте маңызды.

Өткел қала әкімі Алмат Ақышовтың бастамасымен ашылды.

«Бұрын аспалы көпірге көтеріліп, қайта түсу ыңғайсыз болатын. Енді Спорт сарайы маңындағы жерүсті өткел жолды қиып өтуге жеңілдік берді», – дейді қала тұрғындарының бірі.

Өткелдің ашылуы – қалада жайлы және қолжетімді орта қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Бұл жергілікті биліктің халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға деген талпынысын көрсетеді.

Руханияттың символы

Республика алаңындағы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне жөндеу-реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Бұл монумент – жергілікті маңызға ие тарихи-мәдени мұра нысаны, аймақтың мәдени өмірінде ерекше орын алады.

Ескерткіш 2009 жылдың 29 тамызында салтанатты түрде ашылған. Оның авторлары – белгілі қазақстандық мүсіншілер Ескен Серкебаев пен Бақытжан Әбішев. Ескерткішті дайындаумен Қазақстан Суретшілер одағының Қарағанды филиалы айналысқан.

Реставрациялық жұмыстар ұлы ақын, ойшылдың 180 жылдығына орайластырылған. Жоба облыстық бюджет есебінен қаржыландырылды. Мақсат – мәдени нысанды тиісті жағдайда сақтау, мерейтойлық шараларды өткізуге жағдай жасау және Абай мұрасына қоғам назарын аудару.

Реставрацияны ұйымдастырушы – ШҚО Мәдениет басқармасына қарасты «Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі облыстық мекеме», ал мердігер – тарихи және мәдени ескерткіштерде ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізуге лицензиясы бар «AGM Service» кәсіпорны.

Ескерткішке алтын түстес бояу жағылған.

Жаңарған көпір

Қалалық абаттандыру аясында кезекті нысан – Үлбі өзені арқылы өтетін автомобиль көпірі. Қала әкімінің тапсырмасымен мұнда көлік және жаяу жүргінші инфрақұрылымы элементтерінің сыртқы келбетін жаңарту жұмыстары жүргізілді.

Алдымен жол жабыны жөнделіп, нысанға кешенді қызмет көрсету қолға алынды.

«Таза Өскемен» кәсіпорны көпірдің қорғаныш брустары, қоршаулары және басқа да конструкциялық элементтерінің бояу жабындысын толық жаңартты.

«Атмосфераға төзімді, ашық түсті бояу қолданылды. Ол металды коррозиядан қорғап қана қоймай, көпірді қала кеңістігінде көрнекі әрі заманауи етеді. Жарқын бояулар кеңістікті жағымды қабылдауға әсер етеді, көңіл-күйге оң ықпал жасап, нысанның эстетикалық тартымдылығын арттырады», – дейді кәсіпорын өкілдері.

Заманауи демалыс аймағы

Ертіс жағалауындағы көпір астындағы кеңістік абаттандырылуда. Жаңа демалыс аймағында балалар алаңы, сауда аймағы және үстел теннисіне арналған орындар пайда болады.

«Ертіс жағалауындағы көпір астын абаттандыру барысымен таныстым. Жұмыстар қарқынды жүріп жатыр: бұл жерде тұрғындар үшін жайлы демалыс аймағы ашылады. Жұмыстар 1 тамызда аяқталады», – деді қала әкімі Алмат Ақышов. – Басты міндетіміз – тұрғындардың сапалы демалуына мүмкіндік беретін жайлы қалалық кеңістік қалыптастыру».

Жаңа аймақта балаларға арналған ойын алаңы жұмыс істейді. Сондай-ақ, үстел теннисіне арналған үстелдер қойылады және сауда орны қарастырылады. Көпір астына 18 бейнебақылау камерасы орнатылады.

Жылу маусымына дайындық

«Өскемен ЖЭО» алдағы жылыту маусымына дайындықпен қатар, кеңейтуге де кірісті. 25 маусымда жылуэлектроорталық өкілдері 2025–2028 жылдарға арналған жобаны көпшілік талқылауға шығарды. Инвестиция көлемі — 140,3 миллиард теңге, қаржыландыру ҚР Энергетика министрлігімен жасалған келісім аясында қарастырылған. Қазіргі уақытта станция басшылығы жобаны қаржыландыруға қатысты келіссөздер жүргізіп, құрылысқа қажетті техниканы сатып алуда.

Бұл стратегиялық маңызды жоба – өңірдің жылу және электр энергиясына артқан сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған. Нәтижесінде, жылу жүйесіндегі температуралық график жоғарылап, энергия өндірісіне жұмсалатын отын шығыны азаяды. ЖЭО тозуы 13,8%-ға, жылу энергиясының тапшылығы 39%-ға төмендейді, – деді «Өскемен ЖЭО» ЖШС бас директоры Данияр Нұғыманов.

Сондай-ақ, нысанда ауқымды жөндеу науқаны жалғасуда: іске қосу-реттеу жұмыстары, монтаж, қазандықтар мен турбиналардың, газ жолдарының, бу және су құбырларының, жерасты өндірістік су жүйесінің ауыстырылуы мен жаңартылуы жүріп жатыр. Қазіргі уақытта негізгі жабдықтар бойынша жұмыс көлемі 59%-дан асты.

Сонымен қатар Өскемен қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің мәліметінше, көпқабатты үйлерді жылыту маусымына дайындау басталды. Ерекше бақылауда – ішкі инженерлік жүйелердің техникалық жағдайы, ортақ мүліктің дайындығы және қажетті шаралардың уақытында орындалуы.

Жеңілдікпен жол жүру

Өскемен қаласы әкімдігі облыстық мәслихатпен бірлесіп, қоғамдық көлікте жол жүру құнын төмендетуге қатысты жеңілдіктерге ие азаматтар санатын талқылап жатыр.

Қаулы 22 шілдеде «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Қоғам өкілдері 6 тамызға дейін ұсыныстарын қалдыра алады.

«Қалалық инфрақұрылым барлық азаматтар үшін ыңғайлы әрі қолжетімді болуы тиіс. Өскелең ұрпақты қолдау – біздің жұмысымыздың басым бағытының бірі», – деді қала әкімі Алмат Ақышов.

Құжатқа сәйкес 70 жастан асқан азаматтар — 55% жеңілдікпен жүреді. 7-18 жас аралығындағы балалар, ҰОС ардагерлері, өзге елдердегі әскери қимылдарға қатысқандар, Өскеменнің Құрметті азаматтары, І топтағы мүгедектер, ІІ топтағы көз мүгедектері, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана», «Ана даңқы» I және II дәрежелі орден иегерлері, 80 жастан асқандар қоғамдық көлікте тегін жүреді.

Жеңілдіктерге арналған қаржы көзі – қалалық бюджет.


Коллаж Altainews.kz

Елизавета Седых, Роксана Глыбова, Дамир Омаров, Жайна Сыранова
Фото: Жібек Нұрахмет, Екатерина Семина

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар