Жаңа деңгейдегі жайлылық: Өскеменде жаңғыртылған теміржол вокзалы ашылды
Өскеменде Өскемен-1 станциясының теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға берілді. Жаңартылған нысан облыс орталығының көлік инфрақұрылымындағы маңызды нысандардың біріне айналып, бүгінде жолаушыларға қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасауға қойылатын заманауи талаптарға сай келеді.
Ашылу салтанатына «Samruk-Kazyna» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығы мен өкілдері қатысты. Жаңартылған вокзал жолаушыларды қабылдауға және оларға күту мен қызмет көрсету үшін барынша қолайлы жағдай жасауға дайын.
Өскемен-1 станциясының вокзалының тарихы бірнеше онжылдықты қамтиды. Ескі ғимарат 1938 жылы салынған болатын. Көп жылдық пайдалану барысында нысан заманауи талаптарға сәйкес келмей қалды. Жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы ғимаратты толық бұзып, оның орнына жаңа вокзал кешенін салу туралы шешім қабылданды.
Нәтижесінде вокзалдың жалпы аумағы үш еседен астам ұлғайды. Бұрын ғимараттың аумағы 743 шаршы метр болса, қазір 2,5 мың шаршы метрге жетті. Жаңа ғимарат жолаушылар ағынын тиімді ұйымдастыруға, қауіпсіздікке және тұрғындарға қолайлылық жасауға қойылатын заманауи талаптар ескеріле отырып жобаланған.
Қайта жаңғырту барысында инженерлік коммуникациялар жаңартылып, перрон қайта жөнделді, вокзалға іргелес аумақ абаттандырылды. Ғимарат ішінде жолаушылардың пойыз күту кезінде жайлы уақыт өткізуіне қажетті жағдайлар қарастырылған.
Нысанның мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін қолжетімділігіне де ерекше көңіл бөлінді. Олар үшін лифтілер, эскалатор, көтергіш платформалар және тактильді навигация қарастырылған. Сонымен қатар вокзал заманауи бейнебақылау және өрт қауіпсіздігі жүйелерімен жабдықталды.
«Вокзалдың қауіпсіздігі мен қолжетімділігіне ерекше назар аударылды. Қозғалысы шектеулі жолаушылар үшін лифтілер, эскалатор, көтергіш платформалар және тактильді навигация қарастырылған. Вокзал заманауи бейнебақылау және өрт қауіпсіздігі жүйелерімен жабдықталды», – деді «Samruk-Kazyna» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
Өскемен-1 вокзалы күн сайын екі мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді. Станция арқылы Өскеменді Астана, Алматы, Аягөз, Жезқазған, Қарағанды және Достық қалаларымен байланыстыратын 12 жолаушылар пойызы өтеді. Осылайша вокзал облыс орталығының көлік қатынасын қамтамасыз етуде және оны еліміздің басқа өңірлерімен байланыстыруда маңызды рөл атқарады.
Өскемен-1 вокзалының реконструкциясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында еліміздегі теміржол вокзалдары мен олардың инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама шеңберінде жүзеге асырылды. Биыл бағдарлама аясында 124 вокзалдың 121-ін жаңғырту жоспарланған.
Шығыс Қазақстан облысында осы бағдарлама аясында бес теміржол вокзалын қайта жаңғырту көзделген болатын. Оның төртеуі – Шемонаиха, Риддер, Алтай қалаларындағы және Күмістау станциясындағы нысандар пайдалануға берілді. Өскемен-1 вокзалының ашылуы өңірдегі теміржол инфрақұрылымын жаңғыртудың осы кезеңін аяқтады.
Шығыс Қазақстан үшін вокзалдарды жаңарту айрықша маңызға ие. Теміржол көлігі облыс қалалары мен аудандарын еліміздің басқа өңірлерімен байланыстырып, көлік қатынасын қамтамасыз ететін негізгі жүйелердің бірі саналады. Вокзалдарды жаңғырту жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырумен қатар, инфрақұрылымды заманауи талаптарға бейімдеуге мүмкіндік береді.
«Жаңа теміржол вокзалы Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Ол көлік қолжетімділігін қамтамасыз етіп, өңірді еліміздің басқа облыстарымен байланыстырады. Вокзалды жаңғырту жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасауға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және өсіп келе жатқан жолаушылар ағынына инфрақұрылымды бейімдеуге мүмкіндік береді.
Бір бағдарлама аясында бес вокзалды жаңғырттық. Бүгін жаңартылған Өскемен-1 вокзалының ашылуымен осы жұмыстың маңызды кезеңін аяқтап отырмыз.
Бұл – облыс орталығының басты теміржол вокзалы. Мұнда күн сайын мыңдаған жолаушы қызмет алады. Сондықтан олардың заманауи әрі сапалы қызмет көрсету жағдайына ие болуы маңызды», – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Вокзалдың жаңғыртылуы өңірдегі көлік инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстарының бір бөлігі болды. Заманауи ғимарат, жаңартылған перрон, абаттандырылған аумақ, жаңа инженерлік шешімдер және қозғалысы шектеулі азаматтарға жасалған жағдайлар облыс орталығы тұрғындары мен қонақтарының сапарын барынша жайлы етуге бағытталған.
Жоба Қазақстан Республикасы Үкіметінің, «Samruk-Kazyna» АҚ-ның, Көлік министрлігінің және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тарапынан жүзеге асырылды.
Жаңартылған Өскемен-1 вокзалының ашылуы Шығыс Қазақстандағы бес теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңіне айналып, өңірдің көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы тағы бір маңызды қадам болды.
