#Жаңалықтар / Шығыс Қазақстан / Өскемен
Өскемендегі жаңа жолайрық құрылысының 80 пайызы аяқталды
17-09-2026, 14:44
Өскеменнің сол жағалауында салынып жатқан екі деңгейлі жолайрық құрылысының 80 пайызы орындалды. Нысан толық іске қосылғаннан кейін осы жол торабындағы көлік қозғалысының өткізу қабілетін 2,5 есеге арттырып, көлік кептелісін азайтуға және тұрғындардың қала бойынша қатынауын жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта жолайрықтың негізгі тірек конструкцияларының басым бөлігі орнатылып, жол өткелінің жоғарғы құрылымын монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын.
«Қазіргі уақытта жұмыстардың 80 пайызы орындалды. Қазір жол өткелінің жоғарғы құрылымын орнату аяқталып келеді. Екі аралықты монтаждау, жол өткеліне кіреберістерді жасау жұмыстары қалды. Осыдан кейін асфальт төсеуге кірісеміз», – деді жоба жетекшісі Асхат Рахимов.
Жаңа жолайрықтың негізгі мақсаты – қаладағы көлік қозғалысы қарқынды учаскелердің біріне түсетін жүктемені азайтып, көліктің үздіксіз әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету. Жолайрық іске қосылғаннан кейін сол жағалау аумағындағы көлік қатынасы жақсарып, іргелес шағын аудандар арасында қатынау ыңғайлы бола түседі.
Жоба жетекшісінің айтуынша, нысанды толық аяқтау келесі жылға жоспарланған. Сонымен қатар құрылыс қарқыны мүмкіндік берсе, жыл соңына дейін жол өткелі арқылы көлік қозғалысын іске қосу көзделіп отыр.
«Жобаны толық аяқтау келесі жылға жоспарланған. Дегенмен, мүмкіндік болса, жыл соңына дейін жол өткелі арқылы көлік қозғалысын іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деді Асхат Рахимов.
Негізгі құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін аумақты абаттандыру, жарықтандыру жүйесін орнату, жолайрыққа шығатын жолдарға асфальт төсеу және басқа да қорытынды жұмыстар жүргізіледі.
Жобаға сәйкес, айналма қозғалыс аумағында жаяу жүргіншілер өткелі болмайды. Сонымен бірге жолайрыққа іргелес аумақта жаяу жүргіншілердің қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысына арналған инфрақұрылым қарастырылған.
Құрылыс жұмыстарына байланысты осы жұма күні Есенберлин көшесінің бір бөлігі уақытша жабылады. Көлік қозғалысына шектеу бетондау жұмыстарына байланысты енгізіліп, үш күнге созылады. Жұмыстар аяқталғаннан кейін жоба аясында қосымша жол жабу жоспарланбаған.



