Президент: Біз кеше кім болғанымызды ұмытпаймыз. Ал келешекте кім болатынымыз тек қана өз қолымызда
Президент / Қоғам
8-09-2025, 19:29
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында жас ұрпақтың қоғамдағы орны мен жаңа дәуірдегі патриотизмнің мән-маңызына тоқталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы қазіргі көкірегі ояу жастар патриотизмді бұрынғыдан өзгеше түсінетінін айтты.
«Жастардың басым көпшілігі әсіредіншілдікті, әсіреұлтшылдықты қолдамайды. Олар үшін патриотизмнің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық. Елді сүю дегеніміз – халыққа пайдасы тиетін жаңалық ашу, жаңа іс бастау», – деді Президент.
Президенттің айтуынша, жастар Қазақстанды дамыған әрі өркениетті мемлекет ретінде көргісі келеді. Олар заманауи технологияларды меңгеріп, елді озық ойлы ұлттар қатарына қосуға талпынып отыр.
Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыстың айқын көрінісі екенін атап өтті.
«Мен жастардың күш-жігеріне, олардың дарыны мен біліміне сенемін. Біз қолға алған барлық ауқымды жұмыстар – олардың жарқын болашағы үшін. Өскелең ұрпақ ертең соның игілігін көреді және оны еселеп жалғастырады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

