Тәртіп пен заңға бағыну – өркениетті қоғамның белгісі

Президент / Қоғам 8-09-2025, 13:52

Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының негізгі тіректерінің бірі – қоғамдағы заң үстемдігі мен тәртіп мәдениеті екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, құқық бұзушылыққа төзбеушілік пен ортақ жауапкершілік қағидаты әр азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы керек.

«Заң және тәртіп – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры. Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. Бұл – ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген сөз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент адамдар арасындағы дөрекі сөйлесу, ерегісу, қоғамдық орындарда тәртіп бұзу сияқты жағымсыз көріністерге алаңдаушылық білдірді.

«Өкінішке қарай, айқай-шу шығарып, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатындардың арасында әйелдер де бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық. Халықаралық аренадағы беделімізге де нұқсан келтіреді», – деді Мемлекет басшысы.

Өркениетті ұлт болу үшін мұндай әрекеттерден арылу қажет. Осы ретте Президент Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген даналығын мысалға келтірді.

Мемлекет басшысы ел егемендігі мен жер тұтастығын сақтау үшін ішкі бірлікті нығайтудың маңызына тоқталды.

«Халқымыз тату болса, ішкі ахуал тұрақты болса, біз барлық қиындықты еңсереміз. Сондықтан жұртымызды ел тыныштығын бағалай білуге шақырамын», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі заманда патриотизмнің мазмұны жаңаша сипат алып отырғанын айтты.

«Бүгінде патриотизмнің сипаты жаңаша түсіндірілуде. Бұрын бұл ұғым негізінен тіл, мәдениет, руханиятпен өлшенсе, қазір ол мемлекеттілікті қорғау, заңға бағыну, тәртіпке адал болумен де өлшенеді. Әрбір азамат мемлекетшіл, отаншыл болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар