Тарбағатайлық шаруалар техникаларын жаңартып жатыр

Өскемен / Қоғам / Жаңалықтар 23-08-2025, 09:46

Тарбағатай ауданында ауыл шаруашылығы саласының техникалық әлеуетін жаңарту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттағы негізгі жұмыстар «Жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізіліп, жаңа техникаларды сатып алу арқылы жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өткен жылы ауданда 21 ауыл шаруашылығы техникасы мен 18 қосалқы бөлшек сатып алынған. Оның ішінде 17 техника жалпы 172,4 млн теңгеге лизинг арқылы алынса, қалған 4 техника 49,8 млн теңге көлемінде шаруашылықтардың өз қаражаты есебінен алынған. Сонымен қатар былтыр 48 ескі техника есептен шығарылды.

– Биыл да бұл үрдіс өз жалғасын табуда. Бүгінге дейін 22 жаңа ауыл шаруашылығы техникасы лизинг арқылы сатып алынған. Бұл техникалардың жалпы құны – 247,44 миллион теңге. Барлық техника «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның қаржыландыруы арқылы алынған, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ілияс Серікұлы.

Бұл жаңартулар ауыл шаруашылығы саласына серпін беріп, еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізуде. Жаңа техника уақытты үнемдеп, сапалы өнім алуға жол ашады. Сонымен қатар шаруалардың шығынын азайтып, экономикалық белсенділікті арттырады.
Жалпы, ауыл шаруашылығы техникасының жаңаруы – Тарбағатайдағы аграрлық сектордың тұрақты дамуына жасалып жатқан маңызды қадамдардың бірі. Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар