Өскеменде педагогтер ЖИ-ді білімге енгізу жолдарын талқылады

Өскемен / Білім 23-08-2025, 09:39

Бүгін Өскеменде Шығыс Қазақстан облысының педагогтеріне арналған дәстүрлі тамыз конференциясының аясында «Жасанды интеллектті педагогикаға интеграциялау: азаматтық пен кәсіби дағдыларды дамыту» тақырында 25 пәндік интерактивті алаң ұйымдастырылды. Аталған іс-шара өңірдегі білім беру жүйесіне заманауи, озық тәжірибелерді енгізуге және ұстаздар арасында кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға серпін берді, деп хабарлайды Altainews.kz сайтының тілшісі.

Аймақтық пәндік интерактивтік алаңның бірінші бөлімінде педагогтердің үздіксіз кәсіби қалыптасу мен дамуында айрықша маңызға ие: «Ұстаз» платформасына негізделген жаңа аттестация жүйесі; Жастарды жұмысшы мамандықтарына ынталандырып, қызығушылықтарын арттыру мақсатында жергілікті кәсіпорындармен әлеуметтік әріптестік орнату; «Ата-ана - мектеп - адал ұрпақ» үштік одағының рөлі; оқушылардың білім сапасын арттыру жолдары; оқу үдерісін тиімді басқаруға мүмкіндік беретін цифрлық технологияны қолдану мәселелері пысықталды.  

Шараның екінші бөлімі 25 пәндік секция отырысымен жалғасып, оған мектепке дейінгі және жалпы орта, арнайы, инклюзивті, қосымша білім беру ұйымдарының педагогтері, әдіскерлер, педагог-кәсіби бағдар берушілер, психолог мамандар, кітапханашылар мен мектеп басшыларынан құралған 1200-ге жуық маман қатысты. Жиын барысында тәжірибелі педагогтер өз тәжірибелерімен бөлісіп, «2025-2026 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерінде білім беру үрдісін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы» әдістемелік нұсқаулық хаттың мазмұны талқыланды. Сонымен қатар, жаңа оқу жылына арналған өзекті міндеттер айқындалып, бірлескен іс-қимылдың негізгі бағыттары белгіленді. 

Алқалы кеңес педагогтердің кәсіби дамуына тың серпін беріп, сапалы білім беруді қамтамасыз етудегі ортақ жауапкершілік пен өзара ынтымақтастықты нығайтты. 

– Ұстаздар қауымы білім беру саласындағы заманауи үрдістер мен өзгерістерге бейімделуге, сондай-ақ жасанды интеллектті оқу-тәрбие үдерісінде тиімді қолданып, цифрлық технологияларды кеңінен енгізуге дайын екендіктерін көрсетті. Бұл жиын тәжірибе мен идея алмасудың, шығармашылық ізденіс пен кәсіби тұрғыдан өсіп-дамуға бағытталған нық қадамның жарқын үлгісі болды, – деді Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов. 

Жалпы, өңір ұстаздары үшін кәсіби дамудың маңызды алаңына айналып, жаңа оқу жылындағы басым бағыттар мен міндеттерді айқындап берген дәстүрлі тамыз конференциясының аясында өткен бүгінгі жиын білім беру саласында жаңашыл ойлау, үздіксіз даму және ортақ мақсат жолында бірігудің нақты көрінісі болды. 

Алдағы оқу жылында білім беру сапасын арттыру, оқушы мен мұғалімге қолайлы орта қалыптастыру, цифрлық білім беру ресурстарын тиімді пайдалану сынды басым бағыттар өңір педагогтерінің күн тәртібіне енгізілмек. Бұл – өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуы жолындағы маңызды қадам.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар