Өскеменде фармацевтикалық логистика хабы ашылды
Өскемендегі индустриалдық аймақта алғашқы ірі жоба іске қосылды. Қалада дәрі-дәрмек сақтау мен таратуға арналған жаңа фармацевтикалық логистика хабы ашылып, өңір экономикасына әлеуметтік-экономикалық серпін беретін нысан қатарына қосылды.
«Медсервис Плюс» атты қазақ фармацевтикалық компания 2 гектар жер телімін толықтай жеке меншікке сатып алып, халықаралық А+ санатына сай, 7 мың шаршы метрлік заманауи қойма салды. Мұнда 4 мың паллетке дейін дәрі-дәрмек сақтауға мүмкіндік бар. Жобаның арқасында 100-ден астам жұмыс орны құрылып, аймақтағы фармацевтика мамандарының шоғырлануына негіз қаланды.
Хабтың басты мақсаты – өңірдің дәрі-дәрмек қауіпсіздігін нығайтып, фармацевтикалық өнімдерді үздіксіз жеткізу жүйесін жетілдіру. Жобаны іске асыру барысында жергілікті әкімдік пен «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан кешенді қолдау көрсетілген.
Жалпы Өскемен индустриалдық аймағы 26,6 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда барлық қажетті инфрақұрылым – жарық, жол, су, инженерлік желілер толықтай тартылған. Бұл – жер телімі табылмай отырған қазіргі жағдайда кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік.
Индустриалдық аймақтың басты миссиясы – жаңа өндірістердің құрылуына жағдай жасау, алғашқы жобаларды аяғына тұрғызып, оларды дербес кәсіпорындарға айналдыру. Жаңадан іске қосылған хаб – осы стратегияның нақты жемісі.
Қазір жаңа жобаларға өтінімдер қабылданып жатыр. ӘКК мәліметінше, алдағы уақытта кірпіш зауыты, мал етін өңдеу кешені сияқты бірқатар жобаларды орналастыру жоспарлануда. Олар қазіргі кезде талқылану кезеңінде, нақты шешім қабылданған жағдайда қосымша хабарланатын болады. Сонымен қатар, инвесторларға жергілікті деңгейде преференциялар мен мемлекеттік қолдау тетіктері де ұсынылады.
Бұл жоба индустриалдық аймақтың әлеуетін нақты көрсетіп, Өскеменнің өндірістік келешегіне тың серпін бермек.
