Субұрқақ, көгал, аспанасты сахна: Филармония маңында тың мәдени тірлік басталмақ

Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы жанындағы аумақ жаңаша тыныс алмақ. Бұрын тек ғимаратпен шектелген мәдениет кеңістігі енді ашық аспан астындағы демалыс орнына айналмақ. Жоба аясында екі субұрқақ қарастырылған және сквер салынып жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов абаттандыру жұмыстарының барысын бақылап, бұл жердің болашақта мәдени және қоғамдық өмірдің маңызды нүктесіне айналатынын атап өтті. Айтуынша, тек сквермен шектелмей, филармонияның қосалқы нысандары да жаңартылып, көшелік сахна орнатылуы тиіс.
Жоба аясында 3453 шаршы метр жерге тас төселіп, 4339 шаршы метр көгал егіледі. Гранит плиталар, гүлсауыттар, орындықтар, қоқыс жәшіктері және екі субұрқақ қарастырылған.
Филармония маңының өзгеруі – Өскеменнің адамға бағытталған жаңа келбетінің бір көрінісі. Ашық аспан астындағы концерттер өтетін сахна орнату жоспарланып отыр. Яғни, бұл аумақ енді музыка тыңдау үшін ғимаратқа кіріп қана қоймай, қала тынысында да мәдени сәттерге куә болуға мүмкіндік бермек.
Фото: Махаббат Ахметжанова