Шағын және орта кәсіпкерлік: Омарташының төртінші ұрпағына алғыс хат табысталды - ШҚО

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында «Атамекен» ҰКП басшылығы атынан Глубокое ауданының кәсіпкері Полина Троеглазоваға алғыс хат табыс етілді. Бұл марапат кәсіпкердің еңбегі мен табандылығының лайықты бағасы болды.
Алтай балының отаны саналатын Шығыста омарташылықпен айналысып келе жатқан Полина нәзік те болса, шағын кәсібін дөңгелетіп, түрлі қиындықтарды еңсеріп отырған іскер жан, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Еске салсақ, биыл Полина Троеглазова «Атамекен» ҰКП мен TikTok әлеуметтік желісінің бірлескен «#ҚазақстандаЖасалған» конкурсына қатысқан болатын. Ол «Ауыл кәсіпкерлігі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, сыйлық ретінде iPhone 16 Plus смартфонын иеленді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Полинаның еңбегі мен табандылығы құрметке лайық.
Конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен 800-ден астам TikTok қолданушысы қатысып, өз жобаларын ұсынған. Жеңімпаз атанған төрт үміткердің қатарында Глубокое ауданының Быструха ауылында тұратын омарташы Полина Троеглазова да бар.
Қатысушылар өз жобаларында әлеуметтік және экологиялық бастамалар, жастар кәсіпкерлігі мен «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы аясындағы бизнес-идеяларын ұсынған.
Полина Троеглазова — отбасындағы омарташылардың төртінші ұрпағы. Оның өнімдерінің басты ерекшелігі — табиғи бал негізінде дайындалатын жаңғақ, итмұрын және басқа да қоспалар қосылған крем-бал өнімдері.
Айта кетейік, кәсіпкер бұған дейін де өңірлік өнімдерді танымал етуге бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жүлдегері атанған.
Полинаның айтуынша, егер аралар болмаса, жер бетіндегі тіршілік төрт жыл ішінде жойылып кетуі мүмкін. Сондықтан ол жабайы тозаңдандырғыштарды қолдау мақсатында бал өсімдіктерін белсенді түрде отырғызып, күтіп-баптап келеді.
Фото: atameken.kz